«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жетісу кәсіпкерлері кезекті шешілмеген қиындықтарға тап болды

2023 жылғы 13 Желтоқсан
- Жетісу облысы
8100 просмотров

Бизнестің тйүткілді мәселелері Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс істейтін Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында көтерілді.

Жиында алдымен кәсіпкер Жандос Нұрпазилов мәселесі қаралды. Кәсіпкердің айтуынша, ол 4 жылға жуық коммерциялық жылжымайтын мүлік салу үшін Талдықорған қаласында жер учаскесін ала алмай келген. Бұл мәселе әлі шешілмеген. Қаланың жаңа салынып жатқан аудандарында бос жер учаскелерін аукционға қою мүмкіндігін қарау туралы өтінішке жергілікті әкімдік мұндай бос жер учаскелерінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, бас тартқан. Бірақ, жылжымайтын мүлікті сату сайттары коммерциялық жер учаскелерін сату туралы хабарландыруларға толы. 

«Олар бос учаскелер жоқ дейді. Бірақ мен мониторинг жүргізіп көрдім. Онда жүзге жуық игерілмеген және бос жерлерді анықтадым. Бір байқағаным, бұл учаскелерді алып қою және оларды шынымен қажет ететін кәсіпкерлерге беру үшін ештеңе жасалмайды. 2019 жылы конкурсқа қатыстым, 34 бос учаске болды. Оның 20-ға жуығы әкімдікпен тәркіленді. Осыны аукционға шығаруды сұрадым. Бірақ, қыркүйек айынан бастап ешқандай әрекет болған жоқ. Олар тіркеуден шығару үшін «Азаматтарға арналған үкіметке» жіберілді дейді. Бірақ, бұл қашан болады мүлде белгісіз, – дейді Жандос Нұрпазилов.

Осы мәселеге түсініктеме берген Талдықорған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі қала әкімдігінің қаулысы бар екенін және бүгінгі күні игерілмеген жер учаскелері тіркеуді жоюға берілгенін атап өтті. Тиісті органдарда күшін жою туралы деректерді алғаннан кейін жер учаскелері аукционға берілетін болады.

Кеңесте тағы бір көтерілген мәселе – «ТурКа» ЖШС-нің коммерциялық нысанды орталық жылыту жүйесіне қосуға қатысты өтініші болды. Осы серіктестіктің жетекшісі Ясин Пекердің айтуынша, ол Сарқан ауданы әкімдігінің «Сарқан жылу» ШЖҚ МКК-не жылу жүйесіне қосылу туралы өтініш білдірген кезде «ТурКа» ЖШС-нің жеке меншігіндегі жер учаскесі арқылы орталық жылу жүйесінің құбырларын төсеу кезінде оған коммерциялық нысанды қосуға уәде берілген, бірақ бұл сөз жүзінде ғана қалған. Аталған серіктестік өз қаражаты есебінен 2,5 млн теңгеге жылу жүргізуге арналған жабдықтарды сатып алды. Бірақ, бүгінге дейін жалпы жылу трассасына қосылмаған. Жылу трассасының құбырлары кәсіпкердің жері арқылы өтеді.

«Мердігер жылу трассасын жүргізген кезде біздің арамызда жылу трассасын жер учаскесі арқылы өткізуге рұқсат беретініміз туралы ауызша келісім болды. Ал біз орталық қазандыққа барғанымызда жылу алмастырғыш арқылы жылу берілетінін айтты. Бірақ, бұл жылу трассасының қуаты жеткіліксіз екендігіне сілтеме жасай отырып, бас тартылды», – дейді Ясин Пекер.

Кеңес кәсіпкердің өтінішін қарап, сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігінің мән-жайларын анықтау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ұсынымдар жолдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер