«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында бүлік салдарынан кәсіпкерлерге 8,5  млрд теңге залал келтірілді

2022 жылғы 12 Қаңтар
- Жетісу облысы
6253 просмотров

12 қаңтардағы алдын ала деректер бойынша Алматы облысында 120-ға тарта зардап шеккен бизнес субъектілері анықталған. Талдықорған қаласы, Қарасай, Жамбыл, Ақсу аудандарындағы нысандар зардап шеккен.  Алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеден асып отыр.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, облыс орталығында «Қарағаш» сауда үйі мен ондағы 5 бутик, 3 «Sulpak» тұрмыстық техника дүкені, 2 «Technodom» техника дүкені, «Small» супермаркеті, полиция департаменті мен облыс әкімдігінің асханалары зардап шекті, Қарасай ауданында «Апорт» сауда және ойын-сауық орталығында 70-ке жуық дүкен мен бутик және «Алтын орда» базарының 20-ға жуық сауда дүкені, сондай-ақ екі жанармай бекеті, Ақсу ауданында 1 кәсіпорын, Жамбыл ауданында бір жанармай құю стансасы және т.б. нысандар тоналып, залал келтірілген.

«ҰКП Сall-орталығы 24/7 режимінде кәсіпкерлерден қоңыраулар қабылдайды. Алматы облысында тонаудан зардап шеккен және форс-мажор туралы куәлік ресімдегісі келетін 140-тан астам кәсіпкер хабарласты. Қызметкерлеріміз күн сайын Талдықорғанда және аудан орталықтарында кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалып, аралау жүргізуде. Қажетті кеңестер мен құқықтық көмек көрсетілуде.  Осы тұста бизнес өкілдеріне алдағы уақытта шығын көлемін дәлелдеу үшін, уәкілетті органдардан немесе жеке бағалау компанияларынан келтірілген залал туралы қорытынды алмай, зардап шеккен нысандарды ретке келтірмеуге кеңес береміз», – деді Ләззат Шыңғысбаева.
 

Өңірлік палата жағдайға қарамастан көптеген кәсіпкерлер блокпостардағы әскери қызметшілерді қолдау туралы «Атамекеннің» үндеуіне белсенді ат салысып отырғанын атап өтті. Талдықорған мен аудандардағы рестораторлар, Өңірлік кеңес, Кәсіпкерлер кеңестері мен Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, «Вместе мы – сила» кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері бекеттерді азық-түлікпен, жанар-жағармаймен, дәрі-дәрмекпен және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етуде.

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастыққа сын-сағатта азаматтық ұстаным мен бірлікті танытып, жағдайға бей-жай қарамағаны үшін алғысын білдіреді.

Сондай-ақ, республикалық деңгейде «Күшіміз Бірлікте» атты зардап шеккен бизнесті қолдау қоры құрылды. Қаржылық көмек көрсетуді қалайтындардың барлығы ҰКП сall–орталығы мен Алматы облысы Өңірлік кеңесінің телефондарына хабарласа алады. «Күшіміз Бірлікте» бизнес қорының қаражаты комиссия шешімінен кейін нысандары тоналған және бұзылған өңірлердің кәсіпкерлеріне бөлінетін болады. Қордың жұмыс қағидалары мен көмек көрсету тетігі БАҚ-та қосымша хабарланатын болады.

Алматы облысында зардап шеккен кәсіпкерлерді өңірлік палатаға келесі байланыс нөмірлері бойынша хабарласуларын сұраймыз: +7 747 541 1754 Думан Керімбаев, +7 705 190 0000 Дәурен Оналбаев 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер