«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талдықорғанда жеке кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін ашты

2020 жылғы 30 Қаңтар
- Жетісу облысы
4618 просмотров

Талдықорғанда Наталья Рыбченко "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілетін 1,5 млн теңге мемлекеттік грантты ұтып алып, өз ісін ашып отыр. Айтуынша, ол алдымен екі күндік «Бизнес кеңесші» онлайн курсынан өткен. Кейін комиссия алдында балалар текстилі жобасын сәтті қорғап шығыпты.

«Бұл бизнесті ашу идеясын аяғым ауыр кезде ойға алдым. Балама түрлі киім тігіп, бөлмесін, төсегін әдемі текстильмен әрлегім келді. Бірақ ғаламтор арқылы тапқан заттарым көбінесе Ресейде жасалады екен. Ал оны алдыру уақыт талап етеді және қосымша ақшалай шығын екені белгілі. Осылайша қазіргі кәсібімді бастау туралы ой туды. Кейін облыстық Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» курсынан өтіп, жобамды жазып шықтым. Ол комиссия тарапынан қолдау тауып, грант ұтып алдым. Берілген қаржының басым бөлігі керек-жарақтар, құрал-жабдықтарға, тігін машиналарына жұмсалды. Сонымен қатар, қажетті маталарды да сатып алдық» - дейді «DIAMAN- METALL» жеке кәсіпкерлігінің иесі Наталья Рыбченко.

«Наталья ханым өз шеберханасын ашқанына 3 айдай уақыт болды. Кәсіпкер балалар киімі мен оларға қажетті дүниелер және түрлі ойыншықтар тігеді. Қазір Талдықорғандағы сауда орталықтарының бірінде тапсырыс қабылдап, отандық өніммен тұрғындардың сұранысын өтеп отыр», - дейді Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы  Бақытгүл Қойшыбаева

Бүгінгі күні Алматы облысында бизнес жобаларды жүзеге асыруға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау көрсетуде. Мамандар тегін кеңес беріп, түйіткілді мәселелерді де бірлесіп шешуде.

Қазіргі уақытта Алматы облысында шағын және орта бизнес саны 122 мыңнан асады. Оның 64 мыңнан астамы жеке кәсіпкерлер. "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 2019 жылы 242 қатысушы жоба тапсырып, оның 88 қатысушысы 141 млн теңге көлемінде грант ұтып алған.

Айта кетерлігі, бұл бағдарлама биылдан бастап "Бизнестің жол картасы-2025" деп аталатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер