«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау» жобасы бойынша Алматы облысында 1500 жұмыссыз оқытылады

2019 жылғы 14 Наурыз
- Жетісу облысы
4451 просмотров

Бүгін өңірде жоба аясындағы алғашқы сабақтар басталды

Алматы облысында кәсіпкерлік негіздеріне үйретуге бағытталған «Бастау» жобасы бойынша оқыту басталды. Жоба 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылады және жұмыссыз, өзін-өзі қамтыған азаматтар мен жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаевтың айтуынша, биыл оқыту барлық аудан орталықтарында өтеді.

«Кәсіпкерлер палатасы 2019 жылы 1500 адамды бизнеске оқытып, солардың ішінен 300-ге тарта жобаны қаржыландыруды жоспарлап отыр. Жалпы биыл Алматы облысында шағын несиелендіруге 4,7 млрд теңге бөлінген», – деді Ерлан Датқаев.

Өткен жылы да оқыту облыстың барлық ауданында өткізілді. Курсқа 3361 адам қатысып, оның 916 қатысушысы өз ісін ашып, жобалары жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден астам қаржыға қаржыландырылды.

«Бастау» жобасы бойынша бір айлық курста сабақты отандық бизнес-тренерлер  беретін болады.

«Оқыту бағдарламасы аясында қатысушыларға салық режимдері, заңнамадағы өзгерістер түсіндіріледі, маркетинг негіздері, бизнес саласындағы сұраныстағы бағыттар жөнінде білім беріледі. Теориялық сабақтармен бірге тәжірибелік дәрістер, кәсіпкерлік объектілерін аралау, табысты бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады», – дейді бизнес-тренер Арнұр Тоқанұлы.

Айта кетейік, қатысуға өтінім Кәсіпкерлер палатасының филиалдары немесе Жұмыспен қамту орталығы, жергілікті әкімдік арқылы қабылданады және үміткерлер онлайн тестілеуден өтеді. Оның нәтижесі бойынша оқуға қабылданады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер