«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Премьер бәсекеге кедергі келтіріп отырған заңдарды анықтауды тапсырды

2017 жылғы 31 Қаңтар
8438 просмотров

Үкімет отырысында Елбасы Жолдауын жүзеге асыру шаралары талқыланды

«Бағалық және тарифтік сыбайластықтың алдын алу үшін Ұлттық экономика министрлігіне Әділет министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бәсекеге кедергі келтіріп отырған заңнама баптарына тексеру жүргізуді ұсынамын», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстан  экологиялық таза азық-түлік өндіру арқылы әлемдік азық-түлік нарығынан ойып тұрып орын ала алады. 

«Made in Kazakhstan»  брендін айтқанда, экологиялық таза өнім көзге елестеу қажет. Біз субсидия бөлудің жаңа қағидасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтар әлеуетін пайдалана отырып кооперативтер құрудың, сонымен бірге еңбек өнімділігін арттырудың қадамдарын жасап шығардық. Барлық міндеттер кешені агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс», – деп мәлімдеді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы құрылыс секторын экономиканың толыққанды драйвері ретінде одан әрі дамытуды жүктеп отыр. «Бұған қажетті база бар. Биылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Оны іске асырудың барлық қағидалары мен міндеттері белгіленген. Енді министрліктер мен әкімдіктер тарапынан іс жүзінде жұмыс жасау ғана қалды», – деді ол.

«Елбасы өзінің Жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі өзгерту мен оның аясын кеңейтуді екінші басым бағыт ретінде атады. Маңызды стратегиялық мақсаттардың бірі 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің елдің ЖІӨ-не қосқан үлесін кемінде 50%-ға жеткізу. Осы мақсатқа жету үшін жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен өнімді еңбек бағдарламасы қабылданды. Оның барлық механизмдері анықталып, қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етіліп қойған. Бұл бағдарламаның тиімділігі көп жағдайда әкімдер жұмысының нәтижесіне байланысты болмақ», – деді Б.Сағынтаев.

Үкімет басшысы Президент тізімдегі кәсіпорындарды заңдастыруды 2018 жылдың аяғына дейін аяқтауды тапсырғанын еске салды. «Осыған байланысты биылғы жылдың ақпан айының соңына дейін әр нысан бойынша заңдастыру мерзімдерін қайта қарау керек».

Премьер-министр тиісті министрліктерге мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке қатысты мәселені шешу жолдарын қайта қарап, МЖС-ні белсенді пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер