«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес шұғыл шешімдерге зәру

2021 жылғы 19 Наурыз
10311 просмотров

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізді. Отырысқа «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, Үкімет мүшелері, өңірлердің әкімдері, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, даму институттарының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының басшылығы және т. б. қатысты

 Жиын барсында Үкімет мақұлдаған кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары, бизнестің жүйелі сын-тегеуріндері, жеңілдікпен несие беру, микроқаржы ұйымдары институттарын, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын дамыту, өңірлердегі ШОБ-ты дамыту әлеуеті, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары талқыланды.

«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Т. Құлыбаев биылғы 11-12 наурызда экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы бизнес өкілдерімен өткен қосымша кездесулердің қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 59 жүйелі салалық мәселесі айқындалғанын атап өтті. «Атамекен» ҰКП ұсынған мәліметтер негізінде Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жеке секторды қолдаудың қосымша шараларын, оның ішінде ШОБ-тың кредиттеуге қолжетімділігін одан әрі кеңейту, бизнеске реттеушілік және фискалдық жүктемені төмендету, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға, оффтейк-келісімшарттарды қолдануды кеңейтуді қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылардың және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның сатып алуларына қатысу әлеуетін дамыту арқылы қарауды тапсырды.

 Пысықталып жатқан шаралар аясында өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу шарттарындағы айырмашылықты ескере отырып, АӨК-те субсидиялау жүйесі жетілдіріледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржыландырудың қолжетімділігі артады.

  «Біз кәсіпорындарда қаржыландырудың болмауы мәселесін талқыладық, жағдай нашарлап кетті. Үкіметтен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің алаңында Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге қаржыландырудың қол жетімділігі туралы талқылау өткізуді сұраймыз», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

 Үкімет басшысы реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды, өңірлердің экономикалық картасын уақытылы әрі сапалы толтыруды қамтамасыз етуді, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында оларды паспорттауды аяқтауды және микроқаржы ұйымдарын құруды жеделдетуді тапсырды.

«Біздің міндетіміз  – бизнесті жүргізуге қажетті жағдайларды жетілдіру және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу», — деді А. Мамин.

 «Атамекен» Төралқа Төрағасы коронавирус пандемиясы салдарынан орын алған жұмыссыздық мәселесіне назар аударды.

 «Үкімет бизнестің барлық мәселелерін бақылауда ұстап отырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Өткен жыл қиынға соқты. 1 млн кәсіпорын зардап шекті, төтенше жағдай және локдаун кезінде 430 мың кәсіпкерлік субъектісі қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Жұмыссыздық және нәтижелі жұмыспен қамту мәселелері – назар аудару қажет маңызды салалар. Бизнесті қолдап, «Бастау Бизнес» жобасының түлектері жобаларын іске асыруы үшін 20 млрд-тан астам теңге МҚҰ-ға аударылды. Осы қаражат қалай игерілетінін бағалап, ары қарай МҚҰ арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет деп ойлаймын», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер