«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Прокуратура санитарлық ережелерді саралаудан өткізуде

2017 жылғы 20 Қаңтар
9730 просмотров

Бас прокуратура «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарын қысқартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады

Бұл туралы Бас прокуратураның 1-департамент басшысы Марат Сексембаев «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде мәлімдеді.

«Санитарлық ережелердің өзін саралауға кірістік. Тексерушілердің әрқилы таңдау тәсілі күмән тудырып отыр. Мысалға, Қостанай облысы Қарабалық ауданы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы «Ақ-Бидай-Агро» ЖШС-ның бір күн бұрын дайындалған тағамын пайдалануға тыйым салып, ал «Новотроицк-1» ЖШС-ға мұндай шектеу қоймаған. Алматы қаласы Түрксіб ауданы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы Яушев жеке кәсіпкерлігінен салқын тіскебасар дайындайтын орынға бактерицидті шам орнатуды талап еткен. Орындау мерзімі – 15 күн. Осы басқарманың ұйғарымымен, «Central Asia Beer» ЖШС осыған ұқсас заңбұзушылықты дереу жоюға міндеттелді. Қостанай қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының «Океан-Трейд» ЖШС дүкенінің астындағы жайға жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұйғарымында орындау мерзімі тіптен анықталмаған», – деді Марат Сексембаев.

Бас прокуратураның өкілі бақылау шараларын өткізу тәжірибесінің бірізді еместігі туралы да сөз қозғады. Оның пікірінше, бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының жауап қату шараларын қабылдау тәртібінің заңнамалық тұрғыдан реттелмегендігінен болып отыр.

«Бұл бақылау субъектілеріне тексерушілердің мүддесіне қарай өз бетінше түрлі шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, ол, әрине, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына ықпал етеді», – деп атап өтті М.Сексембаев.

Қисынсыз талаптардың қойылуы ерекше назар аудартады.

«2016 жылдың 29 сәуірі күні Шахтинск қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы Нохрина жеке кәсіпкерлігінің өнімдерін сатуға тыйым салып, кәсіпкерден сәйкестік сертификатын талап еткен. Алайда бұл құжат кәсіпкерде о бастан жоқ. Тексерушілер бұл талапты орындау мүмкін еместігін білген. Соған қарамастан, ұйғарымды орындамағаны үшін кәсіпкерге 212 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, – деп мысал келтірді Бас прокуратураның өкілі. – Кейде тексерушілер ондай сертификаттарды мүлде талап етпейді. Мұндай әрекеттер бизнеске қысым көрсетудің ұтымды құралы ретінде қызмет етіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі органдарға жағдайды өзінің қалауынша жеке мүддесіне пайдалануға мүмкіндік береді».

Ұйғарымдарды орындамауға байланысты істер бойынша бірыңғай соттық тәжірибе жоқ (негізінен, сәйкестік сертификатын ұсынбау дерегі бойынша). М.Сексембаев атап өткендей, бір жағдайларда – шағын бизнес субъектілері жауапқа тартылады, енді бір жағдайларда – құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан, жауаптан босатылады, ал үшінші бір жағдайларда – әрекеттер әлсіз жазаларды қарастыратын баптарға ауыстырылады.

«Мәселен, сертификатты ұсынбағаны үшін Ақтөбе қаласының әкімшілік соты Жүкетаева жеке кәсіпкерлігіне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салған. Жүкетаеваның мұндай құжаты жоқ екені туралы дәйектерін сот назарға алмаған. Суфьянова жеке кәсіпкерлігіне қатысты осындай жағдай орын алған кезде БҚО аудандық соты әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамы болмағандықтан, іс жүргізуді тоқтатқан. Сот өз шешімін құқықбұзушылыққа әдейі жол берілмегендігімен, ұйғарымды орындау кәсіпкерге қатыссыз жағдайларға байланысты мүмкін болмағандығымен түсіндірген. Осындай сот тәжірибесі Атырау облысында да бар. Сондықтан біз Жоғары сотқа осындай істерді қарау тәжірибесіне бірлесе отырып талдау жүргізу туралы өтініш жасап, соның қорытындылары бойынша тиісті ұсыныстар әзірлейміз», – деп мәлімдеді Марат Сексембаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер