«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау кәсібилікті қажет етеді

2017 жылғы 19 Қаңтар
16452 просмотров

Себебі халық денсаулығын сақтау мәселесі қателікті кешірмейді

Санитарлық қағидалар мен ережелерді қолдану кезінде әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайту мәселесі, бейнеконференция түрінде Бас прокуратурада өткен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көшпелі отырысында басты тақырып ретінде қаралды.

«Бас прокурор Жақып Асанов пен «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бекіткен «Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» Жол картасын жүзеге асыру аясында жүргізілген талдау көрсеткендей, кейбір кезде қауіпсіздік мәселесіне тіпті қатысы жоқ өндіріс тәртібі мен жағдайын шамадан тыс қыспаққа алу, кәсіпкерліктің қалыпты дамуына қайшы шектеулер тудырады. Бұл, және де, парақорлықтың кең етек алуына әсер етеді», – деп атап өтті кіріспе сөзінде отырысты жүргізуші «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Санитарлық ережелер мен қағидаларды қолдану кезінде пайда болатын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы мәселелерге Бас прокуратураның департамент басшысы Марат Сексембаев пен «Атамекен»   ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміров егжей-тегжейлі тоқталды.

Мәселен, былтыр санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау саласында жүргізілген тексерулер саны мемлекеттік органдар жүргізген жалпы тексерулердің 38%-ын құраған. 38,1 мың тексеру нәтижесінде 16,7 мың кемшілік анықталған. Бақылау тиімділігі тек 43,8%-ды құрады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың барлық саласы мен нысандарына қолданылатын, ҚР ҰЭМ Тексеру парағында бекітілген 83 талап тармағы, тексерушілерге оларды мекеменің қызмет бағытына қарамастан қолдануға мүмкіндік береді.

Тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының Санитарлық ережелерінде қарастырылған талаптардың басым бөлігі, көбінде, Санитарлық ережелер ұстанбаған жағдайда адам өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ ауру пайда болуына және тарауына қауіп тудыратын талаптарды бекіткен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 144 бабына қайшы.          Салдарында, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау саласындағы өкілетті органның қызметінде, яғни тексеру жүргізгенде және заңбұзушылықтарды жою үшін ұйғарым шығару кезінде субъективті көзқарас таныту деректері жолығуда.

Тағы бір алаңдатарлық жайт, тұтынушылар құқығын қорғау органдары, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 3 тарауы 462 бабында әкімшілік жауапкершілік көрсетілген, кәсіпкерлерге орындау қисынсыз талаптар шығарған тәжірибе кең қолданылады. Бір ғана Қарағанды облысында 219 тексеру нәтижесі бойынша 203 кәсіпкерге орындау мүмкін емес талаптар ұйғарымы берілген. Мемлекеттік органдардың мұндай істері бизнеске қысым көрсету құралы болады және жағдайды жеке мүддесіне пайдалануға мүмкіндік береді.

Анықталған заңбұзушылықтарды жоюда кәсіпкерлер құқығын қорғау органдары кең пайдаланатын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 3 тарау 462 бабын бірыңғай қолдану бойынша сот тәжірибесінің болмауы жағдайды қиындатады. Бұл әкімшілік жұмыстардың сараптамасы ұқсас жағдайларда кәсіпкерліктің бір субъектісі жауапкершілікке тартылып, ал екіншісі құқық бұзушылық құрамы жоқ деп босатылатынын көрсетті.

Бұл баптағы тым қатал санкциялар кәсіпкерлерді даулы жағдайды заң аясынан тың шешуге итермелейді. Мысалы, орташа бағасы 2000-нан 15000 теңгеге дейінгі тауарды өткізуде қызметті тоқтатумен қоса, 212 100 теңге көлемінде салынған әкімшілік айыппұл шағын және орта бизнес үшін өте қиын, себебі ол өнімді өткізудегі кірістен айтарлықтай жоғары және ауылдық кәсіпкерлік үшін көтере алмас ауыртпашылық болып саналады.

Орын алған құқықтық және ұйымдастырушылық кемшіліктердің салдарынан, 2016 жылы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау саласының лауазымды тұлғалары 12 сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған.

Жиында сөз алған Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Жандарбек Бекшин, тексеру парақтары бойынша жүргізіліп отырған саясат соңғы жылдары үш рет өзгергенін жеткізді.

Талқылау барысында Кеңес мүшелері, тұтынушылар құқығын қорғау орындары, кәсіпкерлерге орындалуы мүмкін емес немесе заңсыз ескертулерді әдейі беретін жайттар жиі аңғарылатынын нұсқады. Жекелеген санитарлық баптар қисынсыз талаптардан тұратындықтан, алынып тасталуы ұсынылды.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің өкілдері, елімізде тексерістердің көбі Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің желісі бойынша жүргізілетінін келтірді. Бұл орайда, тексеріске іліккен бизнесмендердің басым бөлігі, бекітілген талаптардан ауытқымаған. Керісінше, тәжірибе көрсеткендей, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының қызметкерлері қызмет бабын асыра пайдаланып, жауапсыз әрекеттерге ұрынуда.  

Кеңес басшысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметін денсаулық сақтау саласына кіріктіру керектігін атап өтті. Себебі халық денсаулығын қорғаумен, түрлі аурулардың алдын алу және қарсы тұру жұмыстарымен кәсіби мамандар айналысуы қажет. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық реттеудің тығырыққа тірелгені сол, қызметті ғылыми негізделген сүйемелдеу жағы ақсауда. Сондықтан жауапты міндетке тәжірибеде ысылған білікті мамандардан бөлек, денсаулық сақтау жүйесінің ғалымдарын жұмылдырған жөн.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың баяндамасында айтылғандай, облыс прокурорлары өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлескен райда, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлерін жоюда шаралар кешенін атқаруда.

Отырыс қорытындысында, Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі, Санитарлық ережелер мен қағидаларды қолдану кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен бақылауда, құқықтық регламенттеу мен ұйымдастырушылық қамтамасыз етуде жүйелік ақаулар барын тұжырымдады. Салдарында кәсіпкерлік қызметке әкімшілік кедергілер туындап, саладағы жемқорлық жайттары жойылмауда.

Ұлттық экономика министрлігіне, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті халықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын қадағалау мен бақылауды жүргізгенде, жемқорлық заңбұзушылықтарын жасауға түрткі болатын себеп-салдарды анықтау мен жоюда парақорлық тәуекелдерін ішкі талдауды жүзеге асыру ұсынылды.   

Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне, іс жүзіндегі Санитарлық қағидалар мен ережелерге мониторинг жасап, өзгерістер әзірлеу кеңес етілді.

Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына, өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында,  халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы тұрғысында, Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелерімен және өзге де мүдделі атқарушы органдармен тізе қосқан күйде, азаматтарды қабылдау шараларын ұйымдастыру тапсырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер