«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Стандарттау ережелері кәсіпкердің мүддесіне сай болу керек

2016 жылғы 20 Желтоқсан
10672 просмотров

Стандарттар енді «жоғары жақтан» бекітілмей, ұжымдық түрде қабылданатын болды

«Мемлекеттік органдардағы стандарттан өту үдерісін өзгерту керек» – деді бүгін Қазақстан Үкіметінің отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Министр «Стандарт туралы» заң жобасын ұсынды, ондағы кейбір заңнамалық актілерге бірнеше өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.  

«Бұл заң қазақстандық модельді халықаралық үлгіге ұқсатуға бағытталған. Оның құрылымында 9 тарау мен 40 бап бар»,– деп атап өтті Үкімет отырысында министр.

Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін, заң жобасын жасаушылар стандарттау жөніндегі ұлттық органға стандарттау саласындағы сарапшылардың техникалық комитеттерін енгізуді ұсынып отыр. «Заң бойынша ұлттық орган стандартты қабылдау үшін, барлық тарап бір ымыраға келетіндей жағдай жасауы керек. Мұндай жағдайда стандарт бекітілмейді, тек қабылданады»,– деді Жеңіс Қасымбек.  

Үкіметтің шешімімен мемлекеттік заңды тұлға анықталып, ол стандарт саласындағы ұлттық орган боп танылады. Министрдің сөзінше, техникалық комитеттер «барлық стандарт субъектілерінің тәуелсіз сұхбат алаңына» айналмақ. Міндетті техникалық талқылау мен тиісті стандартты қабылдауға дауыс беру техникалық комиссиялардың еншісіне қалдырылмақ.

«Қандай мекемеден келгеніне қарамастан техникалық комиссия мүшесінің әрбіріне «өзі келген мекеменің атынан бір дауыс» деген тең құқылы мүмкіндіктер ұсынылады»,– деді министр.

Стандарттауға байланысты кейбір заңнамалық актілер түзетіліп, 6 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Түбегейлі өзгеруі тиіс норманың бірі – эталонды тексерудің орнына дәлдік өлшемді енгізу. Мемлекеттік метрологиялық бақылау мен нақтылау саласында қысқартулар жүргізілмек. «Бұл салада 11 позиция бар, соны 6-ға дейін азайтуды ұсынамыз, тек қана адам өмірі мен денсаулығына байланысты маңызды салаларды ғана қалдыру керек», – деді Жеңіс Қасымбек.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер