«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлы дала елінің сапа көшбасшылары кім?

2016 жылғы 06 Желтоқсан
11219 просмотров

«Алтын сапа» сыйлығын жыл сайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен тапсыруы, оның елдік маңызын айшықтай түседі

Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында жылдың басты оқиғаларының бірі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімі басталды. Сонымен қатар, бүгін, Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні аясындағы Жалпыұлттық телекөпір өтеді деп күтілуде.

Сапа саласындағы «Алтын сапа» сыйлығын салтанатты жағдайда табыстаудан тыс, шара барысында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы, «Ұлы дала елі» байқауы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2016» байқауы жеңімпаздары марапатталатыны жоспарлануда.  Лауреаттар мен дипломанттарды Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев құттықтауда.

Шараға мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар басшылары, облыс әкімдері, депутаттар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар басшылары, «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының лауреаттары қатысып отыр.

Биыл Елбасының «Алтын сапа» сыйлығына 100-ден астам кәсіпорын үміткер атанды. «Алтын сапа» сыйлығы дәстүрлі түрде үш аталымдағы үш санат бойынша беріледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын»; «Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын»; «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын».

«Алтын сапа» байқауында көзделген мақсат – отандық өнімдер сапасын арттыруда кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін көтеру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету және де халық арасында сапа ұғымын насихаттау.

Бұл күні және де тұңғыш рет «Ұлы дала елі» жалпыұлттық брендін қолдану құқығын табыстауға байланысты байқау жеңімпаздары марапатталады. Қазақстан брендін халықаралық ауқымда насихаттаудағы үш отандық компания, алыс-жақын шетелде танымалдылығын арттыру мақсатында, «Ұлы дала елі» жалпыұлттық брендін қолдану құқығын иеленеді. 

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын, 2015 жылдан бері, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді. Ал өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауларын еліміздің 14 өңіріндегі және Астана мен Алматы қалаларындағы Кәсіпкерлер палаталары ұйымдастыруда.

Осы жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өңірлік іріктеулерден сүрінбей өткен 145 компания қатысты.  9 дипломант өз аталымдары бойынша «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының белгісін және І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарын еншіледі. Байқау белгісін олар 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта қолдана алады.

Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы «Іскер» сыйлығы,  Қазақстарн Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының қатысушылары санатынан, өз қызметінде табыстарға жеткен, кәсіби деңгейі кәсіпкерлік ортаның жемісті өркендеуіне ықпалын тигізетін 10 кәсіпорынға табысталады.   

Осы күні өтетін дәстүрлі телекөпір кезінде Индустрияландыру картасының жобаларының тұсауы кесіліп, Елбасы телекөпір байланысы арқылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 жоба өндірісін, индустрияландыру бағдарламасы аясында 12 жобаны және де индустрияландыру аясында 2 жоба құрылысын іске қосып, 2 жұмыс істеп тұрған кәсіпорын таныстырылады деп болжануда.

Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» байқауының бас жүлдесі мен «Алтын сапа» арнаулы үш сыйлығын табыстамақ: «Сапа көшбасшысы», «Үздік индустриялдық жоба» және «Үздік инновациялық жоба».

Индустрияландыру күні аясында Тәуелсіздіктің 25 жылындағы индустриялдық даму кезеңдері бейнеленген сурет көрмесі өтуде.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер