«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мал өсірсең, қой өсір...

2016 жылғы 23 Тамыз
- Жетісу облысы
16403 просмотров

Талдықорғандағы қой шаруашылығымен айналысушылар етті-жүнді мал алу үшін қойларды қалай будандастыру керек екені тұрғысында ой толғады

Қозының салмағын арттыру мәселесі кез-келген шаруашылықта маңызды. Қой өсіретін жандар ертеректе қолданылған әдістерді жақсы білсе керек. Алайда ғалымдардың айтуынша, ғылым ілгерілеп кеткендіктен, фермерлердің кейбір әдістері ескірген.

Осы және өзге де мәселелерді «Жетісу асыл тұқым» ӘКК өндірістік орталығында өткен семинарда Қадыржан Хамзин, Қайырлы Омашев, Нұрлан Ахмедсадықов сынды сарапшылар сөз етті.

Олардың пікірлерінше, қой еті өндірісін арттырудың ең басты тәсілі қой шаруашылығына өнеркәсіптік будандастыру әдісін енгізу. Сұрыптар дұрыс сәйкестендірілсе, өнеркәсіптік будандастыру етті малдың өсуіне әсер етеді, өсім қуаты жоғары болады, жемді жақсы өтейді. Будандастыруға таңдалған қойлар етті-жүнді, тез жетілетін әрі сүтті, төліне оң қасиеттерін жақсы бере алатын болулары қажет.

Болашағы бар әрі кең таралған аталық тұқымдарға мыналар жатады: линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер, тяньшандық, суффольк, гемпшир, сутдаун, тексель, шығыс-фриздік, клан-фрест, финдік ландрас, ромсановская,  полипей, Кембридж, колбрез, дорсетхорн, Еділбай, Сарыарқа қойы, қазақтың етті-жүнді қойы, дегерес қойы.

Мәселен, «линкольн» тұқымдас қойы бағып-қағу мен жемдеу жағдайларына талғампаз. Жүнді жабындысына бола, будандастыруда оған теңесетіні жоқ, дейді сарапшылар. Оларды өнеркәсіптік будандастыру үшін тұқым алуда кеңінен қолданады. Ол қойлардың таза салмағы 110-120 келі, жатырының тұқым бергіштігі 120-140%. «Ромни-марш» тұқымы тез жетілетіндігімен, еттілігімен ерекшеленеді. Олар өкпе және тұяқ ауруларымен көп ауырмайды.

Аналық тұқымдар, өз кезегінде, өсімтал, сүтті, тез жетілетін, жергілікті климат пен жем-шөпке бейімделгіш болулары қажет.

Сондай-ақ, сарапшылар шаруашылықта қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларын ұстауға кеңес береді. Атап өтерлігі, бұл қойдың кең таралған түрі, 7 миллиондай. «Оларды елдің барлық дерлік өңірлерінде өсіреді. Бұл жануарлар жыл он екі ай жайылымдық бағуға жақсы бейімделген, қатаң климатты жақсы көтереді. Оларды үш тұқымдық өнеркәсіптік будандастыруға, алғашқы төлдің буданын алудың бірінші кезеңінде кеңінен қолдануға болады. Жануардың салмағы 90-95 келіге жетеді», – дейді сарапшы Қ.Хамзин.

Қойлардың тағы бір кең таралған түрі – Еділбай қойы. Оның салмағы 110-120 келі. Тіршілікке қабілеттілігімен ерекшеленеді, жыл он екі ай жайылымда жүруге төзімді. Қозылары тез жетілгіш. 4 айлық кезіндегі таза салмағы – 38-40 келі, тұлыбының салмағы – 19-20 келі, соғымдық шығысы 50-51%. Сондықтан оларды өнеркәсіптік және күрделі будандастыруға кеңінен қолдануға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер