«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өндіріске жоғары білікті кадрлар қажет

2016 жылғы 09 Маусым
- Жетісу облысы
7438 просмотров

Жұмыссыз жүрген 25 жан тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл Қарасай аудандық филиалы мен жұмыспен қамту және әлеуметті бағдарламалар бөлімінің бірлесе өткізген жәрмеңкесінің нәтижесі.

Қарасай ауданы үшін бұл ірі жәрмеңке болды, себебі оған 40 жұмыс беруші қатысты. Шараға барлығы 211 жұмыссыз келген. Айта кетерлегі, жұмыс іздеушілердің 60%-ы жастар. Аудандық филиал директоры Қонысбай Жүсіпәлиевтің айтуынша, жастар арасындағы жұмыссыздықтың басты себебі – нарық сұранысын білмеу.

«Өкінішке қарай, жастар қажетті мамандықтарға назар аудармайды. Сондықтан олар заңгер, қаржыгер секілді мамандықтар игереді. Еңбек нарығында мұндай мамандардың көп екенін ескеру қажет, бәсеке көп. Жұмысқа тұру да қиын. Мәселен, биылғы деректер бойынша, Алматы облысындағы кәсіпорындарда 25 мың адамға сұраныс болған. Осыған байланысты, біз мектеп оқушыларын нарық сұранысымен таныстыруымыз керек», – деді ол.

Жұмыс берушілер қызмет көрсету, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы барлығы 65 бос орын ұсынды. Жәрмеңке нәтижелері бойынша 25 адам жұмысқа тұрды. Бұдан бөлек, жұмыссыздар кадрларды қайта даярлау және техникалық мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру шараларына қызығушылық танытты.

Адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева бүгінде өндіріске жоғары білікті жұмысшы қызметкерлер қажет екенін айтады.

«Нарықты талдау арқылы кәсіпорындар жоғары білікті қызметкерлерді тартуға мүдделі екені белгілі болды. Себебі, өндірісті автоматтандыру мен жаңа технологияларды енгізу осыны қажет етуде. Таяу болашақта техникалық мамандарға, жоғары білікті жұмысшыларға, жаңа формациядағы  токарьларға, фрезершілерге деген сұраныс арта түседі. Сондай-ақ, сату және сатып алу жөніндегі менеджерлердің, ІТ-технологиялар бойынша мамандардың, жарнама жөніндегі мамандардың, маркетологтардың, медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады», – деді А.Оңғарбаева.

Оның айтуынша, инновациялық технологиялар мен экономиканың өнеркәсіптік секторының дамуына байланысты инженерлер, жүйелік әкімшілер, сервистік қызмет көрсету мамандары, шеберлер, техникалық бөлімдердің басшылары, орта топ инженерлері мен білікті жұмысшылар анағұрлым қажет болмақ.

Бұған дейін, бос жұмыс орны жәрмеңкелері Қапшағай және Текелі қалаларында өткен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер