«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ревизор келді

2016 жылғы 24 Мамыр
- Жетісу облысы
8525 просмотров

ҰКП Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Алматы облысындағы Кәсіпкерлер палатасының қызметін тексерді

Өткен аптада ҰКП Өңірлік даму департаментінің І санатты сарапшысы Нұрбол Боранбаев аудандық және қалалық филиалдардың қызметіне тексеру жүргізу мақсатында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасында болып қайтты.  Тексеру сапары барысында ол қызметкерлердің жұмыстарымен танысып, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Қапшағай және Текелі қалаларының кәсіпкерлік қауымдастықтарымен сұхбаттасты.

Мәселен, Кербұлақ ауданында кәсіпкерлердің пікірін тыңдап, филиал қызметіне қатысты сұрақтар қойды. Шаруа қожалықтарының басшылары Нұрлан Құрманбеков пен Ерқайрат Тастанбеков жергілікті Палатаның қызметіне оң бағаларын беріп, ауылдық жерлерде тұратын кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін ескере отырып, екінші деңгейлі банктердің несиелендіру шарттарын өзгертуге ықпал етуін сұрап, ұсыныс айтты. Сондай-ақ, кездесуде электр энергиясына бекітілген тарифты қайта қарау туралы мәселе көтерілді.

Текелі қаласындағы филиалды тексеріс барысында бизнесмендер мамандар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар көңілдерінен шығатындығын айтып, өздерінің проблемалық мәселелерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен, сондай мәселелердің бірі - POS-терминалдар орнатуға қатысты болды. Сондай-ақ, Нұрбол Боранбаев кәсіпкерлердің салық және кедендік кодекске өзгеріс енгізу туралы ұсыныстарын тыңдады.

Көксу ауданында сарапшы Палатаның ағымдағы жұмысының жайын біліп, бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Қаратал аудандық филиалында директормен және КҚО кеңесшілерімен сұхабаттасқаннан соң, инспектор Қазақстанның Фермерлер одағының аудандық бөлімшесінің өкілі Рыскелді Ахмедчиновпен пікір алмасты. «Шаруалардың басым бөлігі егіншілікпен айналысады. Алайда, бізге бюджеттік субсидия берілмейтін болды, ал көктемгі егістік жұмыстарына қажетті несие мәселесі әлі шешімін таппаған. Сондықтан осы мәселеде Палатаның көмегі қажет», – деп атап өтті ол. Ал шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Мұхтар Байділдинов 2015 жылы Қараталдағы филиал шаруа қожалығының мүддесін қорғап, асыл тұқымды мал шаруашылығын жүргізуге кететін шығындарға субсидия бөлу мәселесін шешуге жәрдем бергенін айтты.

Сондай-ақ, филиал директоры Марат Құсайынов ҰКП маманын «Зорбаев К.» ЖК-ның құрылыс алаңымен таныстырды. Өткен жылы филиалдың көмектесумен ол 47 миллион теңге сомасында қарыз алған. Оның жартысын «Даму» қоры кепілдендірген. 4,7 миллион теңгесі «Даубай» базарын қайта құрылымдау мен жаңғыртуға бөлінген.

Сарқан және Ақсу аудандық және Қапшағай қалалық филиалдарында Нұрбол Боранбаев филиал директорларымен сұхбаттасып, кеңесші-менеджерлердің жұмыстарымен танысты.

Филиалдармен танысып болған соң, сарапшы ӨКП басшылығымен кездесу өткізді. Директор Ләззат Шыңғысбаева ағымдағы міндеттермен, іске асқан жобалармен және болашақ жоспарлармен таныстырды. Өз кезегінде ҰКП сарапшысы тексеріс нәтижелері бойынша Палата мамандарының жұмысты атқару барысында шығармашылық тәсілдерді қолданатындарын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер