«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жарнамаға нені жатқызамыз?

2016 жылғы 11 Ақпан
9614 просмотров

«Атамекен» ҰКП мен ҰЭМ енгізген жарнама мәселелеріне қатысты түзетулер көптеген мәселелерді шешуге септігін тигізбек

Жарнама – сауда қозғалтқышы және дамыған нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі екені сөзсіз. Алайда бүгінгі күні Қазақстан Республикасындағы жарнама саласын реттейтін заңнама айтарлықтай жетілмеген, ал оны жетілдіруге жауапты мемлекеттік орган бертінге дейін анықталмай келді. «Атамекен» ҚР ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілер департаменті директоры Ербол Өстеміровтің айтуынша, қымбат жарнама нысандарын орналастыруға берілетін рұқсат 1 жылға ғана жарамды,  ал бұл  олардың пайдалану кезеңіндегі құнын ақтауға мүмкіндік бермейді.

Бұл фактілердің барлығы кәсіпкерлердің өмірін қиындатып, көрсетілген қызмет түрінің тиімділігін төмендетті және халықаралық стандарттардан алшақтығын айқындады.

Осыған байланысты, жарнама бизнесі үшін құқықтық алаң құру мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен кешенді жұмысы барысында «Жарнама мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы жасалды.

«Бұл заң жобасы сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру үшін берілетін рұқсаттың әрекет ету мерзімін қазіргі бекітілген 1 жылдың орнына 5 жылға дейін ұзартуды көздейді, ал көлік құралдарында осы көлікке иелік ететін заңды тұлғаның логотипі мен атауын (қызмет көрсету белгісі) орналастыру жарнама болып саналмайды»,– деп түсіндірді ҰКП өкілі.

Бұдан бөлек, долларсыздандыру бағытын қолдау мақсатында «Жарнама туралы» заңға мазмұнында Қазақстан Республикасы аумағында сатылатын өнім туралы ақпарат бар жарнаманың құны тек ұлттық валюта – теңге түрінде ғана көрсетілуін бекітетін түзету енгізілген.

Тұтастай алғанда, заң жобасы жарнама саласындағы бизнес-процесстерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде жарнама орналастыру, салықтарды есептеу және тиісті рұқсат құжаттарын алу рәсімдерін жеңілдетеді.

Ербол Өстеміровтің айтуынша, жарнамаға жататын нысан түрлерін анықтау кәсіпкерлер алдында тұрған тағы бір мәселе. Мәселен, бүгінгі күні автокөліктерге жанармай құю бекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес іргелес жатқан аумаққа тиісті мұнай өнімдерінің бағасын көрсетіп тұратын мәліметтер таблосын (стела) орналастырғаны үшін төлем жасауға міндетті.

ҚР «Жарнама туралы» заңында «стела» немесе «мәліметтер таблосы» ұғымдары анықталмағандықтан, бұл жағдай қандай да бір құрылымның жарнамалық стела немесе мәліметтер таблосына жатқызылуы туралы заңнама бөлімінің түрліше түсіндірілуіне әкеледі.

Салық органдары бұларды жарнама нысандарына жатқызғандықтан, мәліметтер таблосы үшін  салық салынатын болған.

Сонымен бірге мәліметтер таблосын (стела) орналастыру туралы талаптар ҚР ТЖМ 2008 жылғы 25 шілдедегі №132 бұйрығымен бекітілген Мұнай базалары мен автокөліктерге жанармай құю бекеттерін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының 280 тармағына сәйкес реттелгенін айта кету керек. Сонымен бірге ҚР Үкіметі 2008 жылғы 29 мамырда бекіткен №514 «Мұнай базалары мен автокөліктерге жанармай құю бекеттеріне қойылатын қауіпсіздік талаптары» техникалық регламентіне сәйкес мұнай базалары мен автокөліктерге жанармай құю бекеттерін пайдалану өндірістік, экологиялық талаптардың сақталуы арқылы жүзеге асуы тиіс.

Осылайша мемлекеттік органдар бір жағынан кәсіпкерлік субъектілерін мәліметтер таблосын орнатуға міндеттесе, екінші жағынан оларды орналастырғаны үшін төлем жасату арқылы мемлекеттік бюджетті бизнес субъектілері есебінен толтырып отыр.

Мұндай мәселелер кәсіпкерлерде де туындаған. Маңдайша жазулардағы және сөрелер мен терезелердің сыртқы безендірулеріндегі жұмыс уақыты көрсетілетін ақпаратты мемлекеттік органдар сыртқы жарнама нысандарына жатқызған. Сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету салалары ғана мұндай төлем жасаудан босатылған. Ал өзге кәсіпкерлердің барлығы жұмыс тәртібі туралы ақпарат жазылған маңдайша жазу үшін төлем төлеуге міндеттелген.

Қолданыстағы заңнаманың түрліше түсіндірілуін болдырмау мақсатында «Атамекен» ҰКП мұнай өнімдерінің бағасын көрсететін мәліметтер таблосын, барлық кәсіпкерлік субъектілеріндегі маңдайша жазулар және сөрелер мен терезелердің сыртқы безендірілуін алып тастау туралы ұсыныс тастады.

«Атамекен» ҰКП жоғарыда айтылған бастамаларын қазіргі таңда ҚР Парламенті Сенатының қарауында жатқан  «Рұқсат құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер