Алматы облысының шалғай ауданында «Бастау» оқыту жобасы өтіп жатыр
36 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде
16 сәуір күні Алматы облысында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау» жобасы бойынша оқыту басталды. Жалпы 16 аудан бойынша бірінші ағымда 864 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып жатыр. Жобаның басталуын әсіресе, Алматы облысының шалғай ауданынындағы ауыл азаматтары ерекше күткен болатын. Себебі, жобаға қатысу даму жолдарын анықтау мен бизнес идеяларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Алакөл ауданы өңірдегі ең шалғай жатқан аудандардың бірі және ауыл азаматтары мен кәсіпкерлердің бастамаларын белсенді қолдауды қажет ететін аймақ болып табылады.
Бүгінгі таңда аудан орталығы Үшарал қаласында «Бастау» жобасы бойынша оқыту басталып кетті. Бірінші ағымға 36 адам оқуға қабылданды. Бастаулықтармен алғашқы кездесулердің бірі Өңірлік кеңес мүшесі, кәсіпкер Баршагүл Саятова мен Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовпен үйымдастырылды.
«Өткен жылы «Бастау» жобасы облысымыздың жеті ауданында жүзеге асырылып, күткен нәтижелеріміз орындалды. «Бастау» көптеген жұмыссыз жүрген адамдарға өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға түрткі болды. Соның нәтижесінде елдімекендерде жаңа бизнес нысандары мен қосымша жұмыс орындары пайда болды», - деді Нариман Әбілшайықов.
Өз кезегінде Өңірлік кеңес мүшесі Баршагүл Саятова бизнес құру жолымен бөлісіп, жеке істі ашу кезінде қажет болатын кеңестермен бөлісті.
Теректі ауылының тұрғыны Әлия Кенжесариева - «Бастау» жобасы аясында алған білімін тәжірибеде іске асырмақшы тыңдаушылардың бірі. Қатысушы бизнес психологиясын зерттеп, курс аяқталғаннан соң айналысатын саласын анықтап қойды.
«Мен үшін бұл алғашқы кәсіпкерлік тәжірибе болайын деп тұр. Сондықтан, бизнес-жоспар әзірлеуді, маркетинг негіздерін үйренгім келеді. Біздің ауылымыз мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы мекен. Сол себепті онда шағын ферма ашып, 3-4 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын», - дейді Әлия Кенжесариева.
Бизнес-тренер Арлан Әлімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қатысушылар кәсіпкерлік, бизнес идея туралы түсініктермен жіті танысып жатыр. Жақын уақытта ірі өнеркәсіп кәсіпорындары мен қызмет көрсету орындарында тәжірибелік сабақтар өтіп, табысты кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Бастау» жобасы осы аптада Алматы облысының 16 аудан орталығында басталды. Жалпы биыл өңірде оқытумен 3,3 мыңнан астам адамды қамту жоспаланып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: