«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Текелі қаласында «қайырымдылық сөрелері» ашылды

2018 жылғы 09 Қаңтар
- Жетісу облысы
7860 просмотров

Жоба іскер әйелдер бастамасымен іске асырылуда

Алматы облысы Текелі қаласының Іскер әйелдері кеңесінің бастамасымен «Текелі Асар» қайырымдылық жобасы бастау алды. Бизнес ханымдар тұрмысы төмен азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созбақ. Қаладағы дүкендерде арнайы сөрелер қойылатын болады. Онда кез келген адам сатып алынған тауарды қалдыра алады. Мысалы, шай, печенье, кеспе, сондай-ақ киімдер, тұрмыстық химия және т.б. заттар.

Осылайша әйел кәсіпкерлер қоғам назарын мұқтаж азаматтар мәселелеріне аударып, атаулы көмек берілетін тұрақты алаңды қалыптастырып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға үлес қосуды мақсат етіп отыр.

«Біреу үшін шай қорабы, қант немесе кеспені сатып алу түк емес шығар, бірақ, кейбір азаматтар үшін бұл үлкен көмек. Сондықтан, кімге нақты қандай көмек, қай мөлшерде азық-түлік, заттар керектігі жөнінде ақпараттық орта қалыпастырғымыз келеді», - дейді Текелі қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Сисекенова.

Қайырымдылық сөрелерінде «Текелі Асар» бірыңғай атауы мен «Жан жылуы мекені!» атты жазуы орналастырылады.

Аталмыш жобаға әкімдік, Кәсіпкерлер палатасы мен «Текелі тынысы» газеті қолдау білдірді. Қайырымдылық істі алғашқылардың бірі болып көрсеткендер қатарында қала әкімі Бақтияр Өнербаев, облыстық Өңірлік кеңес пен Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықова, Текелі қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрысбек Жұмәділов және т.б.

«Қайырымдылық жобасын кәсіпкерлердің қызу қолдап, іске асырылуына белсенді көмек көрсетіп отырғаны өте қуантарлық жайт. «Текелі Асар» жобасын қайырымдылық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершілікті жоғарылатуға бағытталған республикалық «Атамекенім» акциясы аясында жүзеге асырып отырмыз. Сонымен бірге, іскер әйелдер бастамасымен өңіріміздің барлық аудан орталықтарыда «Бәрі де рахмет үшін» әлеуметтік дүкендері ашылатын болады», - деп атап өтті Римма Салықова. 

«Текелі Асар» жобасының ұйымдастырушылары алдағы уақытта «қайырымдылық сөрелерін» барлық дүкендер мен сауда үйлерінде ашуды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер