«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шағын несие кәсіпкерлердің ынтасын арттырды

2016 жылғы 22 Маусым
- Жетісу облысы
6785 просмотров

Алматы облысы кәсіпкерлері келесі жылы да шағын несие бағдарламасы жалғасады деп үміттеніп отыр

Жаңа микронесиелеу бағдарламасының өтінімдері мақұлданған алғашқы қатысушыларына ақшалай қаражат табыс етілді. Құны 110 млн теңгеге тең барлығы 27 өтінім мақұлданған. Несие алғандардың қатарында Ескелді, Кербұлақ, Ақсу, Балқаш аудандарының қызылша өсірумен айналысатын шаруалары бар. Олардың қатарында мал шаруашылығымен және өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де қаражаттың берілуін күтіп отыр. Бұдан басқа, микронесиелеу бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тағы 62 өтінім бойынша қаржы-экономикалық талдау мен заңдық сараптама өткізуде. Егер оң шешім шығарылса, жобаларды Несие комитетінің мүшелері қарайтын болады.

Несие берілгендер қатарында Ескелді ауданының кәсіпкері Зейнеқабыл Қалманбетов та бар. Тәжірибелі агроном тоғыз жыл бұрын өз шаруа қожалығын ашқан. Былтыр өз қаражаты есебінен 5 га жерге қызылша егіп, 620 тонна өнім алған. Микронесиелеу бойынша 4 млн теңге алған.

«Мұндай бағдарламаның іске қосылғаны көңіл қуантады. Былтыр тұқым алу үшін, жұмысшылардың еңбекақысын беру үшін мен қарызға ақша алғанмын, сөйтіп кішкене қиналып қалдым. Бірақ несиелеу бағдарламасы іске қосылды деп ести сала, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе құжат жинап, өтінім бердім. Өтінім қаралғаннан кейін бірнеше күннен соң ақша аударылды. Бұл қаражат тыңайтқыштар, тұқым алуға, жалақы төлеуге және бизнесті кеңейтуге жұмсалатын болады. Өте уақытылы көмек, бұл бұдан ары жұмыс жасауға ынталандырады. Мәселен, келесі жылы мен егістікті 50 га-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмын», – дейді кәсіпкер.

Сонымен бірге, оның айтуынша, пилоттық жоба толыққанды бағарламаға айналуы тиіс.

«Биылғы жылдың өзінде «Атамекен» Палатасының көмегіне көптеген кәсіпкерлер ие болады. Біз өте ризамыз, бұл өте тиімді және пайдалы жоба деп есептейміз. Сондықтан мұндай шараны келесі жылы да жалғастыру қажет. Біз тіпті аграрийлер арасындағы насихатты өзіміз-ақ жүргіземіз. Барлығы да қуана-қуана қатысады деп ойлаймын», – деді шаруа қожалығының басшысы.

Кәсіпкер Сарқытгүл Исабекова да осы пікірді айтты. Ол қызылша өсірумен былтырдан бері айналысып келеді, дес де бірінші жылдың өзінде-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізген. 5 га жерден ол 650 тонна қызылша алған.

«Ауыл шаруашылығы ұдайы қаржыландыруға мұқтаж. Бірақ мен алдымен жұмыс істеп, өз еңбегіңді көрсету керек, содан соң қана барып көмек сұрау қажет деп ойлаймын. Мен 3 млн теңгеге жуық қаражат алдым. Бұл ақша дер кезінде бөлінді. Себебі қазір түптеу және тыңайтқыш себу науқаны», – деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, шағын кәсіпкерлер Кәсіпкерлер палатасымен қоян-қолтықта жұмыс жасауы қажет.

«Қайда жүрсем де Палата атқарып отырған жұмыстар туралы айтып жүремін. Себебі, дәл осы Палата біздің проблемамызды шешуге көмектесіп келеді. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша өз кәсіби машығымды арттырдым, Палата мамандары есеп берулер мен бизнес-жоспар жасауға көмектеседі», – дейді Сарқытгүл Исабекова.

Еске салсақ, Алматы облысындағы несиелендіру «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі ұсынған 600 млн теңге қарыз ақша есебінен жүзеге асуда. Өтінімді қарау және мақұлдаумен Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Несие комитеті айналысады. Өңірдегі несиелеу операторы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры болып саналады. 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер