«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алтын сапа: Аламан бәйгеде бақ сынаудың алғашқы талпыныстары

2016 жылғы 17 Маусым
- Жетісу облысы
6594 просмотров

Алматы облысының 27 компаниясы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің оқу семинарына қатысты   

Алматы облысының тауар өндірушілері ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі сыйлықтарын алу үшін байқауға қатысуға өтініш бере алады.

Кәсіпкерлер палатасының алаңында байқау шарттары бойынша бағалау әдіснамасы және өткізу тәртібіне арналған оқу семинары өтті. Барлығы 27 жергілікті компания оқуға тілек білдірді. Олардың арасында тек ірі бизнес өкілдері ғана емес, сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де бар. Бизнестің семинарға деген ерекше қызығушылық танытып отырғанын семинарға компаниялардың бірінші басшыларының қатысуының өзі-ақ дәлелдейді.

«Байқауға қатысудың басты критерийлері өндірілетін өнімнің, орындалатын жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің сапасы саласындағы жоғары нәтижелер, олардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру, сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін қолдану, халықаралық стандарттарды енгізу, тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыру болып табылады», – деді семинардың дәріскері, «Атамекен» ҚР сарапшысы Мәдина Мұқатова.

Алкогольсіз өнімдер өндірісімен айналысатын «Galanz Bottlers» компаниясы үшін бұл бірінші семинар. Компанияның сапа жөніндегі директоры Ақшолпан Алдабергенованың айтуынша, байқауларға қатысу бизнесті  одан әрі дамуға ынталандырады.  

«Мен Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына  осындай өте пайдалы семинарға шақырғандары үшін алғыс айтқым келеді. Бұл біз үшін бірінші тәжірибе. Сол себепті біз ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарын алуға арналған байқауға қатысуға мүдделіміз. Мұндай беделді байқауларға қатынасу өзіндік бағамызды көтереді, инвесторлар тартуға көмектеседі және бизнестің тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді А.Алдабергенова.

Семинардың тәжірибелі қатысушыларының арасында «Көгер ЛТД» компаниясы бар, олар өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өңірлік кезеңінде құрметті екінші орынды иеленген.

«Семинар саналуан қызықты тақырыптарға жол ашады, құжатты қалай ресімдеу керек, қалай тапсыру керек, мәселелерді қалай шешу керектігін үйретеді. Сол себепті мұндай семинарлар бізге қажет, және де олар барынша кең түрде өтуін қалар едік. Айталық, бір күнде емес, 2-3 күн бойы өтсе, сонда біз осы байқаулар туралы түсінігімізді арттырар едік. Енді біз дайындыққа кірісеміз», – деді компанияның технологы Ольга Щербашина.

Қазіргі уақытта Жетісудың 10 компаниясы ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің сыйлықтарына арналған байқауларға қатысуға өтініш беріп қойды. Палата мамандары өтініштердің осы жылғы 1 шілдеге дейін қабылданатынын еске салады. Содан кейін сарапшылық топ облыстық кезеңнің қатысушыларын анықтайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер