«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қарағанды облысында ӘМАТ бағасын реттеу мәселелері бойынша түсіндіру кеңесі өтті

2026 жылғы 09 Қаңтар
- Қарағанды облысы
2053 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында сауда қызметін реттеу саласындағы заңнама талаптарын түсіндіруге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) жаңартылған тізбесін қолдану мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Кездесудің модераторы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев болды.

Кеңес барысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті атқарушы органдардың шекті бағаларды белгілемейтіні, ал бақылау өндірушінің босату бағасынан немесе шартта көрсетілген жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтау арқылы жүзеге асырылатыны түсіндірілді.

«Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 362-нқ бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұл шара уақытша сипатқа ие және негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге әрі баға белгілеудің ашықтығын арттыруға бағытталған», — деді Абзал Рахымбаев.

Сондай-ақ спикер 2025 жылы сауда саласында мемлекеттік бақылау шеңберінде жоспарлы және жоспардан тыс іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті. Олардың нәтижесі бойынша жекелеген субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты қатысушыларға қолданыстағы заңнама талаптарын ескеру және қажет болған жағдайда түсіндірме алу үшін уәкілетті органдарға жүгіну ұсынылды.

Талқылау барысында кәсіпкерлер сауда үстемесі 15 пайыз деңгейінде сақталған жағдайда ӘМАТ тізбесінің кеңеюі, ең алдымен, «үй маңындағы дүкендер» үшін шағын бизнеске тәуекелдер туғызатынын айтты.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, мұндай сауда нысандарының ассортиментіндегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың үлесі 60–70 пайызға дейін жетеді, ал электр энергиясы, салықтар, жалдау ақысы мен логистика шығындарының өсуі рентабельділіктің айтарлықтай төмендеуіне әкеліп отыр.

Сондай-ақ сатып алу шарттарының тең еместігі мәселесі көтерілді. Кәсіпкерлердің пікірінше, ірі сауда желілері тауарды төмен көтерме бағамен сатып алса, шағын бизнес өнімді қымбатырақ бағамен алуға мәжбүр, алайда сауда үстемесіне қойылатын талаптар барлығына бірдей.

Бизнес тарапынан сауда үстемесін саралау мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ бақылауды көтерме жеткізушілер деңгейінде күшейту ұсынылды.

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов бизнес қабылданып жатқан шаралардың әлеуметтік бағыттылығын түсінетінін, алайда олардың практикалық салдарына назар аударатынын атап өтті.

«Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тіркеп, оларды уәкілетті мемлекеттік органдармен диалог аясында әрі қарай сүйемелдейтін болады. Кәсіпкерлер үшін түсіндіру жұмыстары мен консультациялар тұрақты негізде жүргізіледі», — деді Ернар Күлпейісов.

Кеңес қорытындысы бойынша Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы бизнестің жиынтық ұстанымын уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайтынын хабарлады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174