«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әр тауар бақылауда: Ұлттық каталог бизнеске мүмкіндік пе, әлде жаңа жүктеме ме?

2025 жылғы 22 Желтоқсан
487 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп ҰТК-ны енгізуге байланысты проблемалық мәселелерді жан-жақты пысықтауға кіріспек

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы сауда нарығы түбегейлі өзгереді. Ұлттық тауарлар каталогы (ҰТК) міндеттелмек. Сауда министрлігі ашықтық пен экономиканы «көлеңкеден шығаруды» уәде етсе, кәсіпкерлер бұл бастамадан жаңа бюрократиялық тұзақты көріп отыр.

Үкімет идеясының өрісі кең – республикада сатылатын әрбір тауар бірлігіне бірегей цифрлық код (NTIN) беру. Бұл – тауардың өзіндік «цифрлық паспорты» болмақ. Жоспар бойынша, жүйе мемлекетке елде қанша бөтелке сүт немесе неше қап цемент сатылғанын, оның бағасы мен сапасын нақты білуге мүмкіндік береді.

Жуырда «Атамекен» ҰКП алаңында өткен бизнес өкілдерімен кездесуде Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов бұл мәселеде қатаң ұстанымын байқатқан болатын. Заңнамалық нормалар қабылданып қойған, ал 2025 жыл соңғы дайындық кезеңі болмақ. 2026 жылдың басынан бастап каталогты толтыру міндеті өндірушілер мен импорттаушыларға жүктеледі.

«Біз барлық мемлекеттік те, жекеменшік те ақпараттық жүйелерге бірыңғай белгі қалыптастырып жатырмыз. Тауар кеденде де, үй жанындағы дүкенде де сканерленген сәтте бірден танылуға тиіс», – деп атап өтті вице-министр.

Алайда цифрландыру туралы көркем сөздердің астарында нақты сектордың тағдырына әсер ететін бірқатар мәселе жатыр. «Атамекен» ҰКП бұл жағдайды күрделі деп бағалауда.

Мәселен, ШОБ-ты дамыту комитетінің төрағасы Сәкен Карин кәсіпкерлердің құқықтық тұрғыдан осал екенін атап өтті.

Негізгі түйткіл – нормативтік-құқықтық актілерде нақты бекітілген нормалардың болмауында. Өз кезегінде, бизнеске айыппұлдардың болмауын әрі кәсіп санаттары бойынша кезең-кезеңімен енгізуді бекітіп беретін үшжақты (СИМ, ҚМ және ҰКП арасында) келісім жасау  ұсынылған. Алайда кәсіпкерлер мұндай келісімнің нормативтік акт болып саналмайтынын жақсы түсініп отыр.

«Ертең салық тексерісі келсе, ешқандай меморандум бізді қорғамайды. «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 31-бабында кодтар міндетті деп нақты жазылған. Бізге уәде емес, мерзімдер мен ШОБ үшін айыппұлдардың болмайтыны анық көрсетілген бұйрықтар мен қаулылар қажет», – деді Сәкен Карин.

ШОБ комитетінің мүшесі Марина Бошель де өткір пікірін білдіріп, қазіргі талқылауды «соқыр мен кереңнің әңгімесі» деп атады. Оның айтуынша, онлайн-кеңестер шенеуніктерге ауылдағы шағын дүкен иесінің мыңдаған тауар карточкасын өңдейтін IT-мамандары жоқ екенін түсінуге мүмкіндік бермейді.

Салалық қауымдастықтар өкілдері мәселеге қатысты пікірталасты одан әрі қыздыра түсті. ҚР Тікелей сату ассоциациясының атқарушы директоры Анастасия Калашникова ҰТК-ны өнім бағасының қымбаттауына әкелетін сәтсіз жоба деп атады.

«Халықаралық кодтар бар кезде ұлттық код ойлап табудың не қажеті бар? Каталогтағы әрбір сурет пен сипаттама – бизнес үшін шығын. Ал, ол шығынды түптеп келгенде тұтынушы өтейді», – дейді сарапшы.

Кәсіпкерлер ҰТК-дегі тауар карточкаларының қайталануына да шағымдануда. Тіркеу кезінде дәл сондай тауар мен сипаттаманың бұрыннан бар екені анықталып, шатасу туындайды.

Цифрлық экономика орталығы цифрлық сервистер департаментінің директоры Іңкәр Құсайынованың айтуынша, қайталау жүйені тестілеу барысында сауда желілері мен маркетплейстерден алынған деректерге байланысты пайда болған. Олар тазартылып, артық карточкалар деактивацияланады.

Техникалық шешімдер: нені тіркеу керек, нені тіркеу қажет емес?

Нарық қатысушыларын тыныштандыру мақсатында вице-министр Әсет Нүсіпов қоғамдық тамақтану саласын мысалға келтіріп, жағдайды түсіндірді.

Осылайша, мейрамханаларға палау немесе басқа тағамды тіркеу қажет емес. Ал, егер дәмхана оралған дайын өнімді немесе орамадағы ыстық бәлішті сатса – код міндетті.

Самосвалдағы құм немесе кірпіш тіркеуге жатпайды. Автозауыт ішінде ауыстырылатын қосалқы бөлшектер де есепке алынбайды. Бірақ, дәл сол амортизатор дүкен сөресінде қорапта тұрса – ол ҰТК-да болуға тиіс.

Сауда және интеграция министрлігі жүйені Kaspi.kz және кеденмен байланыстыруға уәде беріп отыр. Бәрі сәтті болған жағдайда импорттаушы тауарды әкелген сәтте деректер автоматты түрде жүктеліп, соңғы сатушыға ештеңе толтырудың қажеті болмайды.

Қазір ҰТК базасында 17 млн тауар позициясы бар. Алайда бизнес тарапынан жүйеге деген сенім әлі де төмен. Негізгі сұрақ – Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылдың соңына дейін уәде етілген автоматтандырылған қолайлы жағдайды құра ала ма, әлде шағын бизнес цифрлық есептіліктің астында тұншыға ма?

Осы орайда «Атамекен» ҰКП ҰТК енгізуге байланысты проблемалық мәселелерді терең пысықтауға кірісетінін мәлімдеді. Бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшу туралы ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов хабарлады.

Оның айтуынша, Палатаға кәсіпкерлерден ҰТК-ны іске қосуға техникалық және әдіснамалық тұрғыдан дайын болмауға қатысты көптеген өтініштер түскен. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП іс-жоспарын өзгертуде: жалпылама пікірталастардың орнына жұмыс бейінді салалық топтар аясында жүргізіледі.

Сонымен қатар Zoom арқылы өткен онлайн-кеңес барысында чатта қойылған барлық сұрақтар мемлекеттік органдарға жолданған.

«Біз сұрақтарыңызды алдық және қазір оларды салалар бойынша бөліп жатырмыз. Келесі аптада нақты салалық топтар бойынша мақсатты кездесулер өткізуді бастаймыз. Бұл әр сектордың өзіне тән мәселелерін жүйелеп, шешім табуға мүмкіндік береді», – деді Тимур Жаркенов.

ҰКП тауарлық есеп пен салықтық әкімшілендірудің өзара тығыз байланысына ерекше көңіл бөлуде. Бұл жұмысқа Палатаның екі бейінді департаменті тартылған: тауар карточкаларын қалыптастыру, штрихкодтау және логистика мәселелері бойынша Сауда департаменті және ЭШФ мәселелері бойынша Салық салу департаменті.

Тимур Жаркеновтың айтуынша, бұл мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты және каталогты салықтық салдардан бөлек қарастыру мүмкін емес.

ҰКП кәсіпкерлерден ұсыныстар жинауды жалғастыруда. Барлық деректер жинақталып, бекітілген жұмыс кездесулері кестесі аясында профильді министрліктерге жеткізіледі.

«Сұрақтарыңызды жолдауды сұраймыз. Біз оларды жинақтауды жалғастырып жатырмыз. Сіздердің келісімдеріңізбен оларды салалық режимде пысықтап, бизнес ұстанымын мемлекеттік органдарға барынша тиімді жеткіземіз», – деп түйіндеді сөзін ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Кәсіпкерлерге өз мәселелерін алдағы отырыстардың күн тәртібіне жедел енгізу үшін «Атамекен» ҰКП-ның бейінді департаменттерімен тұрақты байланыста болу ұсынылады.

Мемлекеттік органдар мен бизнес Zoom-конференциялардан бетпе-бет кездесулерге көшуге келісті. Алдағы айлар Ұлттық тауарлар каталогы дамудың құралына айнала ма, әлде кәсіпкерлік үшін кезекті кедергі бола ма – соны көрсетеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174