«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда кәсіпкерлер ҚҚС өсіміне және жаңа салық талаптарына қарсылық білдірді

2025 жылғы 03 Ақпан
- Түркістан облысы
110 просмотров

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында Салалық кәсіпкерлер кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Жиында жаңа Салық кодексіндегі өзгерістердің бизнеске әсері талқыланды.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бахытжан Құралбаевтың айтуынша, Үкімет қосымша құн салығын (ҚҚС) көтеруді және ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр. Бұл ұсыныс кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық туғызды.

Премьер-министр Олжас Бектенов ҚҚС мөлшерін көтеру қажет екенін айтқанымен, нақты қанша пайызға өсетіні белгісіз. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, қазіргі таңда бизнес үшін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі 40%-ға дейін жетеді, бұл өз кезегінде өнім бағасына әсер етеді.

Қазіргі жүйе бойынша, 78 млн теңгеден асатын айналымы бар кәсіпкерлер ғана ҚҚС төлейді. Егер өзгерістер қабылданса, 15 млн теңгеден жоғары айналымы бар кәсіп иелері де осы салықты төлеуге мәжбүр болады. Бұл әсіресе шағын және орта бизнеске ауыр соққы болатынын кәсіпкерлер ашық айтты.

Жиын барысында кәсіпкерлер ҚҚС-ты көтеру мен тіркеу шегін төмендетуге бірауыздан қарсы шығып, бұл бизнесті қиындататынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер