«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы қаласының кәсіпкерлері салалық кеңеске жүгінді

2024 жылғы 07 Тамыз
- Алматы қаласы
4268 просмотров

Дереккөз: speedcam.online

Алматы қаласы кәсіпкерлерінің біріне үш күн ішінде 526 мың теңгеге 40-тан астам айыппұл салынды. Туристерді сүйемелдеуде Саин және Әл-Фараби қалалық тас жолдарымен 80 км/с жылдамдықпен жүре отырып, жеке кәсіпорынның үш автобусы жылдамдықты асырғаны үшін бақылау камера көзіне түскен. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жолдармен кәсіпорынның автобустары жиі жүреді, бірақ бұрын-соңды айыппұл салынбаған-тын, себебі шектеу белгілері жоқ.  Бұл жағдай «Атамекен» ӨКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі салалық кеңес талқысына салынды.

Александр Самсонов - аттас жеке кәсіпорынның құрылтайшысы. Жолаушылар тасымалы саласында 10 жылдан астам жұмыс істейді. Қызметкерлерінің көп жылдық жұмысында мін болған жоқ. Барлығы да жоғары тәжірибелі мамандар.  Алайда, үш күн ішінде ол бюджетке жарты миллион теңгеден астам қарыз болып шықты. Барлық айыппұлдар кәсіпорынның көліктері жылдамдық режимін бұзғаны үшін салынған. Ол жағдайын айтып,  «Атамекен» ӨКП-на жүгінді. Осындай жағдайға тап болған кәсіпкерлердің өтініші бойынша өңірлік палата жанында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырыс өткізді.

«Қала ішінде автобустарға 60 км/сағ жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Автомагистральдар бойынша 80 км/сағ рұқсат етілді. Біз көптеген жылдар бойы кәсіпорын персоналын тасымалдауды қамтамасыз етіп келеміз, туристерді ауданаралық, облысаралық және қалааралық бағыттарда алып жүреміз. Тиісті лицензия да бар. Біз оны 10 жыл бұрын алдық. Осы уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы хабарламалар түскен жоқ болатын. Ал, шілденің соңғы күндері – 29-нан бастап 526 мың теңгеге 40 хабарлама келіп түсті. Саин мен Әл-Фараби даңғылдары бойымен жүріп отырған біздің автобустарды  барлық камералар түсірді. Осыған байланысты айыппұлдардың саны осындай болды. Бірақ жылдамдықты шектеу белгілері жоқ. Жаңадан ереже енгізілгені туралы бейхабармыз. Сонымен, «атамекенге» жағдайды түсінуге көмектеседі деген үмітпен жүгіндім. Үш жыл бұрын палата бізді арнайы жолаққа қоюға көмек көрсетті», - дейді кәсіпкер.

Басқа туроператор да тура осындай жағдайға тап болыпты. Тек айыппұлдар саны және оның жалпы сомасы едәуір аз болғандықтан шоттарын бұғаттамау үшін кәсіпкер оларды төлеуге мәжбүр болды. Бірақ салынған айыппұлдармен ол да келіспей отыр.

Ағымдағы жылдың 17 сәуірінде ҚР Ішкі істер министрінің № 330 Бұйрығымен 2023 жылғы 30 маусымдағы «Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы»  № 534 бұйрыққа өзгерістер енгізілді.

73 тармағы  енді жаңа редакцияда жазылған:

«Елді мекендерде:

      1) автобустар мен тиісті жол белгілерімен белгіленген арнайы жүру режимдерін қоспағанда, сағатына 60 километрден аспайтын, бірақ сағатына 90 километрден аспайтын жылдамдықтағы көлік құралдарына;

      2) жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын автобустарына;

      3) тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында - сағатына 20 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру рұқсат етіледі»

«73-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 17.04.2024 № 330 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi)», - деп жазылған

Кәсіпкерлер мұндай шектеулерді енгізу туралы білмегенін мәлімдеді.  «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды», - демекші осы күрделі жағдайда қолданыстағы құқық нормалары мен қалыптасқан сот практикасына сүйене отырып, кеңесте талқылауға тура келді.

«Біз сіздің алаңдаушылығыңызды түсінеміз. Бірақ бұл жағдайда уақытты өткізіп алмас үшін  шұғыл түрде сотқа жүгініп, айыппұлдарды есептеу туралы хаттамаларға дау айтуыңыз керек. Оған Палатаның құқық сауалдары бойынша бөлімі көмектеседі. Ал біз, Кеңес атынан қала прокуратурасынан салынған айыппұлдардың заңдылығын тексеруді сұраймыз. Сондай-ақ, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің, яғни еліміздің Бизнес - омбудсменінің атына репрессиялық норманы жою туралы мәселеге бастамашылық жасау үшін жүгінеміз», - деп ұсынды «Атамекен» ӨКП жанындағы салалық кеңестің төрағасы, отставкадағы судья Бақытбек Бегалиев.

Кеңес отырысына Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті штабының басшысы Абылай Мырзаханов та қатысып өз пікірін білдірді.

«Біз мәселені талқыладық және кеңес ҚР ІІМ № 330 бұйрығының 73-тармағына түзету енгізу үшін бизнес-омбудсменге елді мекендерде автомагистральдан басқа жолдарда автобустардың 50 км/сағ жылдамдықпен қозғалуына рқұсаты туралы хат жолдауды ұйғардық. Жол қозғалысы қатысушылары арасында бұндай қиындықтарды болдырмау үшін жылдамдық шектеулеріндегі жаңа нормалар кеңінен жарықтандырылуы керек немесе  сұрақ туындамауы үшін жылдамдықты шектеу белгілерін іліп қою керек еді. Бұл ішкі істер министрлігінің бұйрығы болғандықтан, полиция департаменттері тікелей жауапты. Талқыланып отырған жағдайға - Алматы қаласының полиция департаменті жауапты» - деп есептейді полковник Мырзаханов.

«Самсонов» жеке кәсіпкері сотта өз құқығын қорғап шыққанша, жағдайды болашаққа алдын-алу қажет. Себебі, соңғы бір апта ішінде Алматы бойынша жолаушылар тасымалдаушыларына салынған осындай айыппұлдар мөлшері 3,2 миллиард теңгеге жетті.

«Мемлекет, әрине, жол апаттарының көбейгеніне алаңдайды. Негізінен, бұл дұрыс. Шектеу шаралары қажет. Алайда, Алматы қаласының ерекшелігін ескерген жөн. Автобустар магистральды жолдарда төмен жылдамдықпен жүрсе, үлкен кептеліс пайда болады. Бұл онсыз да мегаполистің көп жылдан бері шешілмей келе жатқан жан айқайы.  Туристік автобустарды «таңдаулы жолақпен» жіберу де мүмкін емес. Себебі, олар қалалық қоғамдық көлікке кедергі болады. Иә, келісемін, белгілер болуы керек. Қазір олар жоқ. Бірақ біз автокөлік тасымалдаушылары ретінде одаққа бірігіп, заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістерді үнемі қадағалап отырамыз. Және ол туралы барлық қызметкерлер мен әріптестерімізге хабарлап отырамыз. Шамасы, ЖК құрылтайшылары уақтылы хабардар етілмеген, бұл осындай күйреуге әкелді. Болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін мен оларға істерді сауатты жүргізетін және қажет болған жағдайда олардың құқықтарын қорғайтын қауымдастық құруды ұсынамын», - дейді ӨКП өңірлік кеңесінің мүшесі, Қазақстан автокөлік құралдары Одағының бас директоры Сәбит Аманбаев.

Айта кету керек, ІІМ-нің бұл репрессиялық нормасы Мемлекет басшысының қатаң және тұрақты бақылауында тұрған оңтүстік астанадағы туризмнің дамуына теріс әсер тигізеді. Үлкен айыппұлдар туралы хабарлама алған жүргізушілердің көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, отандық және шетелдік туристерді тасымалдаумен айналысады.

Отырысты қорытындылай келе, Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Мейрамбек Қаныбеков өз кезегінде бірде-бір кәсіпкер құқықтық қорғаусыз қалмайтынына сендірді. Барлығы қала прокуратурасымен мұқият пысықталатын болады. Бұл жерде мәселе оңай емес және ол барлық республикалық инстанцияларға жеткізілетінін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер