«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық палата жүк тасымалдау кезінде айыппұлдар мен алдын ала төлемді төмендетуді ұсынды

2023 жылғы 03 Наурыз
5764 просмотров

Дереккөз: kaztag.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың төрағалығымен кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты жиын өтті. Жиында кәсіпкерлер жүк тасымалдаушы мен экспедитор арасындағы үлгілік шартқа қол қою мәселесін тезірек шешіп беруді сұрады.

«Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің  2019 жылғы бұйрығымен бекітілген редакцияда экспедиторлық компаниялармен экспорттық, импорттық және республикаішілік қатынастарда шарт жасасу мәселесін пысықтауды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ транзиттік қатынаста үлгілік шарттарға өзгерістер енгізу мәселесін тездету қажет», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасарының м.а. Мұрат Амрин.

 «Біз мәселені бірнеше рет көтердік, соның ішінде премьер-министр Әлихан Смайыловпен өтетін отандық кәсіпкерлер кеңесінде айттық. Сол кезде ҚТЖ, ИИДМ тарапынан транзитті қоспағанда, экспедициялауға арналған шарттарды қолдануға қатысты ескерту жасалған жоқ», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП көлік жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Бақытбек Қадіров.

Жүк алушыға жүктің келгені туралы хабарлағаннан кейін 48 сағаттан кейін жүктерді сақтағаны үшін он есе айыппұл салынуы – кәсіпкерлер үшін өзекті мәселе. Сонымен қатар вагондардың тұрып қалғанына алым жинау да бір операция үшін қосарлы төлем болып отыр.

Мұрат Амрин мұндай жарна заңсыз алынғанын және отандық жүк жөнелтушілер, жүк алушылар және вагон операторларына қосымша қаржылық жүктеме болатынын түсіндірді.

Бақытбек Қадыров бірде бір практикада бір іс-әрекет үшін клиентке бірден бірнеше айыппұл салынбайтынын айтты.

Қорытындылай келе, Ерұлан Жамаубаев ҚР ИИДМ-ге бір апта мерзім ішінде бизнес өкілдері айтқан мәселелерді шешуді тапсырды. Сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрін тарта отырып, көлік саласының түйткілді мәселелерін қайта талқылау қажеттігін атап өтті.

  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер