«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорданың кәсіпкерлер палатасында балықшылардың проблемасы талқыланды

2022 жылғы 13 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
7322 просмотров

Сыр өңірінің балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлері субсидия талаптарын жеңілдетуді, көл маңындағы жер учаскесін кәсіпкерлік мақсатта беруді, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуды сұрайды.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен басқасуға Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев, кәсіпкерлік саласын қаржыландыратын қаржы институттарының өкілдері мен балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

Олардың басым бөлігі саланы дамытуға берілетін субсидия талаптарының жоғары екенін, салдарынан шағын көлі бар кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай отырғанын жеткізді.

Сонымен бірге кәсіпкерлер көлді пайдалануға рұқсат берілгенімен, жер учаскесін пайдалану құқығының болмауы да балық шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп тұрғанын атап өтті.

Бұдан бөлек балықшылар көлдің инфрақұрылымына да көңіл бөлуді сұрады. Олардың көл басында электрэнергиясы мен жолды жылдап күтуі – соның бір дәлелі.

Шарада Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов қаржы ұйымдарынан мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуы үшін Палата мамандарының кәсіпкерлердің жобасын сүйемелдеп, көмек көрсететінін айтты.

«Біздің кәсіпкерлеріміз биыл 4 мың тоннаға жуық балықты Польша, Грузия, Литва, Германия, Австрия, Әзербайжан, Венгрия, Чехия, Ресейге экспорттады. Саланың мәселесін жүйелі шешіп, ұдайы байланыста болып отыру үшін балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қауымдастыққа бірігуге шақырамын. Кәсіпкерлер палатасы олардың бастамаларына қолдау көрсетуге әзір», – деді Палата директоры.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ресми мәліметі бойынша, осы жылдың он айында аймақта алты мың тоннадан астам балық ауланып, республикалық бюджетке 133,4 млн теңге түскен.

Қызылордалық кәсіпкерлер тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке, сондай-ақ көксерке сүбесін, тыран қанаттары мен балық фаршын, балық сүбесін, мұздатылған балық пен балық ұнын экспорттап жатыр.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер