«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы нәзік жандыларға қандай көмек бере алады?

2022 жылғы 21 Маусым
- Жетісу облысы
6714 просмотров

2021 жылдың қараша айынан бастап ҚР барлық өңірлерінде «Ынтымақтастық Қоры» аясында Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП әріптестігі аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының ашылуы басталды. Бастаманы Азия Даму Банкі және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы қаржыландырады және оны «Атамекен» ҚР ҰКП жүзеге асырады. Орталықтардың қызметі «Атамекен» іскер әйелдер кеңесінің (2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді) қағидаттарына, олардың ең бастысы – бизнесті жүргізу мен дамытуда әйелдерді өзара қолдауға негізделген. Осындай орталық Алматы облысында да жұмыс істейді. Осы жылдың сәуір айынан бастап кәсіпкер әйелдер менторға жүгініп, өз ісін сүйемелдеу бойынша қызмет ала алады. Ментор деген кім және кәсіпкер әйелдерге қандай көмек көрсете алады. Осы және басқа да сұрақтарға Алматы облысының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева жауап берді.

– Алдымен ментордың қызметі қандай екенін, кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсететінін айтып өтсеңіз...

– Ментор немесе тәлімгер деген ол – білім мен сауалдар жауаптарының қайнар көзі, сараптама әлеміне жолсерік. Сөзбе-сөз айтқандай ол кәсіпкер үшін нағыз Google. Сәуір айында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының кеңесшілерімен бірге біз әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, үнемді технологиялар, краудфандинг және краудинвестинг негіздері, сондай-ақ аймақтардағы жобаларды қолдау ерекшеліктері бойынша оқытудан өттік. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер әйелдер ментор қызметтерін пайдалана алады. Іскер жандар өз бизнесін дамыту, жеке және кәсіби өсуін дамыту бойынша кез келген сұрақпен жүгіне алады.  Қалауымыз бойынша біз бір реттік кеңес бере аламыз немесе үш-алты ай ішінде жобасын сүйемелдеумен айналысамыз. Біз тек кеңес беріп қана қоймай, сонымен қатар кәсібінің артықшылықтары мен мәселелерін көрсете отырып, бизнесті сараптауға ынталандырып, бағыттаймыз.

– Ал оқыту жүргізіледі ме?

– Оқыту – жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Күн сайын орталыққа келетін әйел азаматтары кәсіпкерлікті дамыту, ілгерілету бойынша оқыту немесе семинар өткізуді сұрайды. Сондай-ақ, аудандарды аралай отырып, біз оқыту жүргізуге қажеттілігін анықтаймыз. Оқу тегін. Айтпақшы, егер сіз көпбалалы ана болсаңыз және баланы жалғыз қалдыруға мүмкіндігіңіз болмаса, біз күтушімен қамтамасыз ете аламыз. Осылайша білім алуға кедергі жоқ. Оқыту семинарларымен, түсіндіру жұмыстарымен Көксу, Ескелді, Ақсу, Қаратал және Кербұлақ аудандарында болдық. Алдағы уақытта әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы арқылы Талдықорған мен Жамбыл аудандарында оқыту жоспарлануда.

– Тәлімгер ретінде әйелдердің қандай жобаларын сүйемелдеуді бастадыңыз?

– Қазір мен төрт жобаны сүйемелдеумен айналысып жатырмын. Алғашқы шәкіртім – Қымбат Касейін. Ол Көксу ауданынан. Кішігірім сұлулық салоны болды және үйде  киім тігумен айналысты. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына киім бизнесін ілгерілетуге және кеңейтуге үшін көмекке жүгінде. Қымбаттың артықшылықтарының бірі –жобаны жүзеге асыру үшін тиісті білімі мен құралдарының болуы. Сондықтан орталықтың және іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен Көксу, Ақсу аудандары мен Текелі қаласында киім-кешек пен ұлттық бұйымдарды шығаратын тігін цехтары ашылады. 137 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Онда негізінен көпбалалы әйелдер жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, аяқ киім өндірісі, жылыжайда көкөніс өсіру, сөйлеуді дамыту орталығын ашу бойынша жобаларды жүргіземін.  Жобаларды сараптау кезінде жан-жақты талдау жасап, теориялық емес, практикалық кеңестер мен ұсынымдар беру үшін тәжірибелі сарапшылардың, сала өндірісшілерінің пікірін үнемі зерделеп, ескеретінімді атап өткім келеді.

– Ал қолдауға мұқтаж бизнес-жобалардағы негізгі кемшіліктері қандай?

– Мен ең негізгі мына мәселені атап өткім келеді. Ол – қаржылық және құқықтық сұрақтар. Өтініш білдірген әйелдердің бизнес-жобаларды сараптау барысында байқағаным, әйелдердің барлығы бірдей өз компанияларының қызметін бүге-шүгесіне дейін біле бермейді. Штатта бухгалтер немесе заңгер болса да, сіз кәсіптің негізін қалаушы ретінде бәрін білуіңіз керек. Бизнесте ұсақ-түйек нәрсе деген болмайды. Егер компанияңыз тіпті шағын болса, онда тегін бухгалтер мен заңгер қызметін «Атамекенге» барып ала аласыз немесе өзіңе қажетті маманды кез келген онлайн-платформаға жүгіну арқылы жалдауға болады.

– Жауаптарыңыз үшін рақмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер