«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлытау облысында «Атамекен» ҰКП өкілдігі ашылды

2022 жылғы 16 Маусым
8371 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов жаңа кеңсені аша отырып, өңірдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы даму келешегі зор екенін атап өтті.

 «Жаңа өкілдіктің ашылуы – бірінші кезекте, экономикалық тұрғыда маңызды шешім. Ұлытау – еліміздің тарихи және географиялық орталығы, бұл өңір қашанда қазақ халқының бесігі саналған. Бүгін біз Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасын бірге іске қостық. Осылайша кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың толыққанды инфрақұрылымын құруға жол аштық. Палата кәсіпкерлікті дамыту үшін барынша толық қызмет ұсынатын болады», – деді Райымбек Баталов.

Өңірде 14,5 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъекті бар. Олардың 9 мыңнан астамы – жеке кәсіпкерлер, тағы 3 мыңы – фермер шаруашылықтар.

 «Облыс үшін маңызды оқиға. Бүгін ұйымдастырылып жатқан Құрылтай, ҰКП өкілдігінің ашылуы – өңірдің экономикалық және саяси өміріндегі дамудың жаңа кезеңі. Бұл жаңа кәсіпорындар құруға, өндірісті дамытуға ынталандырады. Біз өңірде шағын және орта бизнестің көбірек болғанын, жаңа технологиялардың енгізілгенін қалаймыз. Жұмыс істеуге дайынбыз», – деп атап өтті «Ютария LTD» компаниялар тобының негізін қалаушы және бас директоры Сәуле Шәуенова.

Райымбек Баталов жаңа өкілдіктің негізгі міндеттерге: бизнесті қорғау, ШОБ 2.0 бағдарламасы шеңберінде салалық саясатты дамыту, салалық сараптама, соның ішінде бизнес-қауымдастықтармен сапалы жұмыс жүргізу арқылы сапасын арттыруға назар аударды.

Айта кетейік, жақында  Абай және Жетісу облыстарында «Атамекен» ҚР ҰКП-ның тағы 2 өкілдігін ашу жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер