«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Еңбекшіқазақ ауданында «Бастау Бизнес» жобасы түлектерінің клубы ашылды

2022 жылғы 25 Ақпан
- Жетісу облысы
5329 просмотров

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Бастау Бизнес» жобасы түлектерінің клубы ашылды. Бұл бастама кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мен жобаға бұрын қатысқан азаматтар ұйымдастырды.

Еске салсақ, бес жыл ішінде ауданда 1400-ден астам азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, 460 түлек өз жобасын іске асыруға қаржы алды.

«Біз клуб активін қалыптастырдық, әркімге міндеттерді бөлдік. Жоба түлектерінің үлкен жоспарлары бар. Біз бұған дейін де түлектермен тығыз байланыста болып келдік, пікір алмасып, жұмыс чаттарымыздағы мәселелерді талқыладық. Бұл бастамамызды көп кәсіпкер қолдады. Клуб шеңберінде тәжірибелі кәсіпкерлер ментор ретінде шығып сабақ беруге, бір-біріне серіктес табуға, өнімдерді ілгерілетуге көмектесуге дайын. Клуб мүшелері өз жұмыстарын кең ауқымда атқаруды жоспарлап отыр», – деді Кәсіпкерлер палатасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша филиалының директоры Бақытгүл Дүйсебекова.

«Атамекен» алаңында өткен кездесу барысында 2019 жылғы жобаның түлегі Ермек Нәсіп клуб жетекшісі болып сайланды.

Бүгінде Ермек Нәсіп табысты кәсіпкер. Ол Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында газоблок шығаратын екі цех ашты. Екі кәсіпорында шамамен 20 адам жұмыс істейді.

«Бастау Бизнес» – кәсіпкерлерге өз кәсібін ашуға және кәсіпкер болуға көмектесетін Қазақстандағы жалғыз нақты жоба. Мен жұмыссыз, өзін жолы болмаған деп санайтын көптеген адаммен таныс болдым. Ал бүгінде олар өмірлерін 360 градусқа өзгерткен өз бизнесінің иелері. Мұндай мысалдар барлық қазақстандықтарды шабыттандыруы тиіс, және «Бастау Бизнес» арқылы біз еңбек пен табандылыққа деген сүйіспеншілікті оятып, еңбекқор және табысты адамдардың ұлтына айналуымыз керек», – деп есептейді Ермек Нәсіп.

 Клуб мүшелері жеке чат ашып та үлгерген, олар жобаның аудан бойынша басқа қатысушыларына үндеу тастап жатыр. Жақын арада бастаулықтар колледж студенттерімен кездесіп, өз білімі мен тәжірибесімен бөліседі, сонымен қатар кәсіпкерлер арасында B2B кездесуін ұйымдастырады.

Айта кетейік, 2 наурызда Талдықорған қаласында облыстық палатаның бастамасымен «Бастау Бизнес» жобасы түлектерінің Ашық есік күні өтеді. Шараның мақсаты – мемлекеттік қолдау шаралары бойынша, бизнесті ашу және жүргізу, «Аtameken Zhetysu» МҚҰ-дан қаржыландыру алу үшін құжаттарды дайындау және басқа да мәселелер бойынша кеңес беру.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер