«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында бизнес ханым «Кәсіпкерлік және бизнес» кабинетінің ашылуына демеушілік көрсетті

2021 жылғы 13 Желтоқсан
- Жетісу облысы
6635 просмотров

Талғар ауданының кәсіпкері, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Күләнда Батырбекова мамандандырылған үш кабинеттің ашылуына демеушілік көрсетті.

Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы І.Жансүгіров атындағы №37 мектепте «Кәсіпкерлік және бизнес», «Өлкетану» және «Жас ғалым» кабинеттері ашылды. Бизнесвумен өзінің отбасы және Bilim Invest ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының мүшелерімен бірге оқу кабинеттерін жабдықтауға 4 млн теңгеге жуық қаражат жұмсады. Бұл қаражатқа парталар, орындықтар сатып алынды, электр шамдары, линолеум жаңартылды. Сонымен қатар жыл соңына дейін заманауи интерактивті тақталар орнатылады.

 Кабинеттердің ашылу салтанатына Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева, Талғар ауданы әкімінің орныбасары Оразхан Қаспақбаев, өңірдің кәсіпкерлер мен депутаттары қатысты.

 «Биыл мектепті аралаған уақытта білім ордасындағы қажеттіліктер мен проблемалар туралы естідім. Мектепте балалар үш аусымда оқиды. Оқушылар мен мұғалімдерге жағдай жасау қажет етілді. Отбасым және қауымдастықтағы әріптестеріммен ақылдаса келе біз үш кабинет ашып, оларды қажетті жабдықпен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдадық.  Оқу кабинеттерінде түрлі шеберлік сабақтары, бизнесмендермен кездесулер ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, балаларға стартап және басқа да жобаларды іске асыруда қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, біздің қауымдастық мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Біз мектеппен ынтымақтастығымызды енді ғана бастап жатырмыз», – деді Күләнда Батырбекова.

 Өз кезегінде мектеп директоры Дина Жайсанбаева мектеп әкімшілігі атынан Күләнда Батырбековаға мектептің материалдық-техникалық жабдықталуына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Оқушылар мен педагогтар шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырып, шығармашылық арқылы демеушіге құрмет көрсетті.

 

 Кәсіпкерлер «Туған елге тағзым» қайырымдылық акциясын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыруға орай ұйымдастырды.

Күләнда Батырбекова «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Талғар және Іле аудандарындағы «Дана» жеке мектебі, «Еркем-ай» балабақшаларының құрылтайшысы, Bilim Invest білім беру инвесторлары ұлттық қауымдастығының вице-президенті, бизнес ханым.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер