«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жетісулық шебер алтын мен күмістен бұйым жасайды

2021 жылғы 07 Қазан
- Жетісу облысы
2918 просмотров

Зәйт Сәйділхан – мемлекеттік бағдарламамен кәсібін кеңейткен кәсіпкерлердің бірі. Көп жыл бойы бухгалтер болып қызмет атқарған, кейін қолөнер ісіне бет бұрған. 

Ол 2019 жылы Текелі қаласындағы кәсіпкерлер палатасы мен Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерінің оқыту жобасына қатысты. Оған дейін ол үйінде кішігірім цех ашып, зергерлік бұйымдарды жасап бастаған.

«Зергерлік бұйымдарды жасау ісіне ертеден қызығатынмын. Алғашында әйелім мен балаларыма сыйлық ретінде дайындап жүрдім. Кейін ағайын-туыстан тапсырыс түсе бастады. Кәсіптің көзін тауып, жаңа құралдар мен материалдар алғым келді. «Атамекеннің» қолдауымен бизнестің оқуын оқып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш грант жеңдім», – дейді кәсіпкер.

Зейт Сәйділхан бұл қаражатқа зергерлік бұйымдарға қажетті жабдықтарды сатып алды. Кәсіпкер алтын мен күмістен білезік, сырға, жүзік, алқа, бәкі, ат әбзелдері сияқты әшекей бұйымдарын сәндеп шығарады.

Әзірге айына 10-15 дайын өнім жасалады. Кәсібін көмекшісімен бірге үй ауласындағы цехта жүргізіп отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта өнім түрлерін ұлғайтып, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге ниетті.

Айта кетейік, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 3,1 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқыған. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқығандарды қоса алғанда 1200-ден аса бизнес-жоба грант  пен жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер