«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

77 мың қазақстандық карантин шектеуін бұзды – «Атамекен»

2021 жылғы 31 Тамыз
5652 просмотров

Ashyq жобасына қатысушылар 12 сәуірден бастап бизнес-нысандарға келушілер статусын тіркеуді бастады. Бес ай ішінде 77,6 мың қазақстандық карантин шектеулерін бұзуға әрекет еткен.

31 тамыздағы деректер бойынша кәсіпкерлер тәртіп бұзғандарды анықтап, «қызыл» статуспен келген 56,8 мың және «сары» статуспен келген 20,7 мың азаматтың нысандарға кіруіне жол бермеді. Күн сайын жоба аясында «қызыл» статусы бар екі мыңға жуық адам анықталады. Қатысушылар санының артуына байланысты бұзушылықтарды анықтау көрсеткіші 15 есе артты.

Қазіргі кезде Ashyq жобасына 121,8 мың бизнес субъекті қатысып жатыр. Қатысушылардың басым бөлігі Алматы (21,5 мың) және Нұр-Сұлтан (12,6 мың) қаласында тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысында жобаға небәрі 2,4 мың кәсіпкерлік субъекті қосылған.

 Анықтама үшін:

«Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.

 «Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.

 «Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі.  Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.

 «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.

 «Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.

 

 Qr-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 qr-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке   qr-код беріледі.

 Бүгінде qr-код қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыс тапқан. Балама құралдар басқа елдерде де қолданылуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер