«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында меценат туған ауылында тегін білім беру-сауық орталығын ашты

2021 жылғы 27 Шілде
- Жетісу облысы
6921 просмотров

Алматы облысының Көксу ауданында меценат ауыл тұрғындарына ғимарат салып беріп, онда тегін білім беру-сауық орталығын ашты.

Жарлыөзек ауылында ашылған «Oshaq» тұрақты даму орталығының бастамашысы заң ғылымдарының докторы, профессор Сарқытбек Молдабаев. Ол көп жылдар бойы құқық қорғау және сот органдарында жұмыс істеді. Қазіргі таңда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалында ғылыми және оқытушылық қызмет атқарады.

Оның айтуынша, ғимарат американдық гранттар бағдарламасының қаражатына салынған және БҰҰ ресми түрде қабылдаған тұрақты даму саласындағы жаңа жаһандық бағдарламаны қолдау мен дамытуға бағытталған. Орталықтың қызметі ауылға экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдемдесуге, сондай-ақ ауыл тұрғындарына кешенді қолдау көрсетуге арналған. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Сарқытбек Молдабаев «Oshaq» тұрақты даму орталығы» қоғамдық бірлестігін құрды.

«Барлығы ошақтан басталады. Отбасы – ошақ қасынан дейді. Сондықтан орталық «Oshaq» деп аталады. Ғимаратты халық мұқтаждығы үшін салынғанын атап өткім келеді. Бірінші кезекте ауыл тұрғындары түрлі мәселелер бойынша ақпарат пен кеңес алып отырады. Мысалы, заң мәселелері, бизнес ашу, мемлекеттік қызметтер алу, жұмысқа орналасу және тағы басқалар. Сондай-ақ, мұнда цех пен жабдықты қойып шағын кәсіпорын ашуға, этно және экопарк құруға, түрлі үйірмелер мен секциялар ашуға мүмкіндік бар. Дамыған мемлекеттерде қоғам, әр отбасы тұрақты дамумен айналысады. Отбасы үшін тұрақты даму бізден кейін болашақ ұрпақ үшін ресурстар қалатындай етіп соншалықты тұтыну деген сөз», - деді меценат.

Білім беру-сауық орталығында халыққа ақпараттық және кеңестік қызмет көрсетуге кірісіп кетті. Апта сайын тұрғындар жиналысына түрлі саланың мамандары мен сарапшылары шақырылады.

Жуырда «Oshaq» орталығына Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Римма Салықова, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, «Алтын адам» Жетісу шеберлер орталығы» ҚБ жетекшісі Динара Бакирова, Көксу ауданы Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Салтанат Өтешбаева, Көксу ауданы Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Айдын Жүнісов, адвокат Ақерке Керімова барып, жұмысымен танысты. Спикерлер жұмыс бағыттары туралы айтып, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді, сондай-ақ тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, жеке қабылдау өткізді.

Сонымен қатар, «Oshaq»білім беру-сауық орталығында ауыл тұрғындарын компьютерлік сауатқа тегін оқытатын қазақ-американдық білім беру орталығы жұмыс істейді. Мысалы, Қызыларық ауылындағы орта мектеп оқытушысы Аманбек Әлдибеков аптасына екі рет балалар мен ересектерді компьютерлік сауаттылық негіздеріне үйретіп келеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта орталықта egov.kz арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышын ашу жоспарлануда.

 

 Сонымен қатар бұл жерде egov.kz арқылы мемлекеттік қызметтерді алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышын құру жоспарлануда.

«Біздің облыста әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер мен меценаттар көбейіп келеді. Туған жерге туың тік демекші, азаматтар туған ауылының болашағына алаңдап, елдімекен мен халықтың мәселелерін шешуге ат салысуда. Жарлыөзек ауылдық округіндегідей заманауи білім беру және сауық орталығында тұрғындар тек ақпарат алып қана қоймай, өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондықтан осындай орталықтар әрбір ауылда ашылса игі іс болатыны сөзсіз», - деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Римма Салықова.

Меценат туған өлкенің дамуына қаражат салып, еңбек етуді жалғастырмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер