«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында студент ауылда жылдам тамақтандыру орталығын ашты

2021 жылғы 01 Шілде
- Жетісу облысы
5690 просмотров

Алматы облысының Кербұлақ ауданында жас кәсіпкер Ділназ Көшербай мемлекеттік грант көмегімен жылдам тамақтандыру орталығын ашты.

20 жастағы кәсіпкер Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында туған. Негізгі мамандығы жеңіл өнеркәсіп жабдықтарын ұйымдастырушы. Алайда, бойжеткен әдеттегі жұмыс орнын жеке кәсіпке алмастырды. Ол нарықта жедел дамып жатқан қоғамдық тамақтандыру саласын таңдап, өзі туып-өскен ауылында жылдам тамақтандыру орталығын ашты.

«Оқу орнында білім алып жүріп, түрлі кәсіптерді зерттеп, өзімнің біліктілігім мен мүмкіндіктерімді бағаладым. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жолығып, бизнесті жүргізу бойынша кеңес алдым. Мен сияқты ісін енді бастаймын деген азаматтарға «Бастау Бизнес» жобасы үлкен септігін тигізді. Жобаға жазылып, өткен жылы кәсіпкерлікке қатысты білімімді толықтырдым. 555 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткізіп, қажетті жабдықтарды сатып алдым», - дейді кәсіпкер.

Жылдам тамақтандыру орталығы Chicken Saryozek деп аталады.  Орталық өткен жылдың қыркүйек айынан жұмысын бастады. Келушілер қуырылған тауық өнімдерін, пицца, суши, наггетс, стрипс сияқты бес түрлі тағамға тапсырыс бере алады.  Аз уақыт ішінде Ділназдың шағын мейрамханасы жастардың жиі баратын орнына айналды.

«Сарыөзекте қоғамдық тамақтандыру саласы жақсы дамып келеді. Тұрғындардың қуырылған тауық өнімдеріне, пицца мен сушиге қызығушылығы жоғары. Біздің мейрамханада біз тағамдарды жеке рецепт бойынша дайындаймыз. Әзірге айына 240-300 кг тауық етінен дайын өнім шығарып отырмын. Қасымда тағы бір көмекшім бар», - дейді Ділназ.

Қазіргі таңда жас кәсіпкер Chicken Saryozek жылдам тамақтандыру орталығының мәзіріне жаңа тағамдарды қосып, ас әзірлеу технологиясын жетілдіру бағытында жұмыс істеуде. Бірнеше жыл ішінде нысан ірі мейрамханаға айналатынына Ділназдың үміті зор.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 1608 жұмыссыз және жас кәсіпкерлер оқытылды. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқытылғандарды ескергенде 695 бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер