«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында алғаш рет инклюзивті сұлулық салоны ашылды

2021 жылғы 18 Мамыр
- Жетісу облысы
7474 просмотров

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында алғаш рет инклюзивті сұлулық салоны ашылды. Онда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қызмет көрсетіледі.

Жобаның бастамашысы жас кәсіпкер, «Бастау Бизнес» жобасының түлегі Кама Далдабаева мен «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлвира Таубалдинова. Олардың айтуынша, жоба туралы идея бірнеше жыл бұрын пайда болып, бүгінде мемлекеттік қолдау мен қоғам өкілдерінің жәрдемі арқасында жүзеге асырылды.

2019 жылы Кама Далдабаева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» оқыту жобасынан өтіп, кәсіпкерлік дағдыларды меңгерді. Өткен жылы оның «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған білім беру орталығы бар сұлулық салоны» жобасы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі миллион көлеміндегі грантқа ие болды. Бұл қаражатқа кәсіпкер ең қажетті жабдықтарды сатып алды. Салонға кіре берісте пандус орнатылған және мүгедек адамдарға қызмет көрсету үшін жағдай жасалған. Кәсіпкердің айтуынша, салонда 14 жұмыс орны ашылады, оның жартысына мүгедектігі бар азаматтар қамтылады.

«Бала кезімнен маған шаш қию және түрлі шаш үлгілерін жасау ұнайды. Ұзақ уақыт бойы салонда шаштараз маманы болып жұмыс істедім, сонымен бірге оқу курстарын жүргіздім. Екі жыл бұрын жеке кәсібімді ашып, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін сұлулық салонын ашуды ұйғардым. Кеңес алу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасына жазылдым. Оқу барысында жобамды әзрлеп, грант бұйырды», - дейді кәсіпкер.

Сұлулық салонына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылатын болады.

Сонымен қатар, жақын арада мұнда сұлулық индустриясы мамандықтарын оқыту жоспарланып отыр. Гүлвира Таубалдинованың айтуынша, мүгедектігі бар адамдар арасында жаңа кәсіпті меңгеріп, еңбек етуге дайын дарынды жастар өте көп.

«Біздің ұйым бес жылдан астам уақыт бойы мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеп келеді. Бұл біздің алғашқы жобамыз емес. Біз «Қадам» ЖК-мен бірге инклюзивті салон аштық, мұнда дені сау адамдар да, мүгедек адамдар да жұмыс істей және қызмет көрсете алады. Бұл Қазақстанда ашылған алғашқы инклюзивті салон деуге болады. Жобаның іске асырылу уақыты мерзімсіз болатынына және болашақта нысанның қарқынды дамуына сенімдімін. Алдағы уақытта мұнда тәжірибе мен дағдыларға ие болған ерекше қажеттіліктері бар жас балалар келешекте өз бизнестерін ашуы да мүмкін. Біз оларға осы бағытта барынша қолдау көрсететін боламыз», - деді «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлвира Таубалдинова.

Нысанның ашылған алғашқы күнінде салонға 15-тен астам адам жазылды. Солардың бірі Талдықорған қаласының тұрғыны - Элмира Смағұлова.

«Қаламызда инклюзивті салонның ашылғанына өте қуаныштымын. Енді бізге қажетті қызметтерді еркін түрде пайдалана аламыз. Бастысы - қолжетімді. Мен шаштараз бен макияж маманына жазылдым», - дейді ол.

Жобаға Алматы облысының Іскер әйелдер кеңесі мен «Nur Otan» партиясының – «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы қолдау білдірді.

«Қаламыздағы көптеген сұлулық салондарында пандустар ескерілмеген соң, олар мүгедек адамдар үшін қолжетімді емес. Сондықтан кедергісіз болашақ сапалы әлеуметтік қызмет көрсетуге байланысты. Бұл бағытта мемлекет пен жұмыс берушілер азаматтарға тең жағдай жасауы керек. Нысан барша азаматтар үшін үлгі болып, әлеуметтік қызметтер алудағы кедергілердің азаюына ықпал етеді деп ойлаймын», - дейді Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Римма Салықова.

Алдағы уақытта кәсіпкер қосымша жабдық сатып алып, оқу орталығының жұмысын бастауды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер