«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысының соты кәсіпкердің пайдасына шешім шығарды

2021 жылғы 29 Наурыз
- Жетісу облысы
4864 просмотров

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты (МАЭС) Шекара қызметі департаментінің жеке компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талабын қанағаттандырмады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2020 жылдың ақпан айында ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаменті жанындағы «2484 әскери бөлімі» РММ және «Гарант Инвест Холдинг» ЖШС арасында 491,6 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды.

Келісім шарты бойынша компания сегіз ай ішінде Үшарал қаласындағы әскери бөлімнің шекара заставасының кешеніне күрделі жөндеу жүргізуі керек еді. Алайда, өткен жылдың соңында тапсырыс беруші мердігерге мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Сотта мекеме жұмыстың орындалу мерзімі кешіктірілгенін мәлімдеді.

Кәсіпкердің мүддесін сотта өңірлік палата сарапшысы Думан Керімбаев қорғады. Сот барысында ол жұмыс жүргізу үшін тапсырыс беруші учаскені беру мерзімін бұзғанын хабарлады.

«Сот отырысында жұмыстардың басталуы туралы хабарлама 2020 жылдың 16 наурызында алынғаны, жұмыстың аяқталу мерзімі 2020 жылдың 16 қарашасында белгіленгені айқын анықталды. Шарттың 23-тармағына сәйкес Тапсырыс беруші Мердігерге объектіні күрделі жөндеуге бөлінген барлық учаскені пайдалануға рұқсат береді. Егер учаскенің бір бөлігі күрделі жөндеуге учаскені беру күні берілмесе және осы себептен жұмыстарды орындау кідіртілсе, онда бұл жағдайда Тапсырыс беруші жұмыстардың аяқталу мерзімін осы учаскені беруді кешіктіру мерзіміне ұзартады. Нысанның босатылмауына байланысты жауапкер 2020 жылдың 16 сәуірінде Тапсырыс берушіге нысанды жеке құрамнан толығымен босату туралы өтінішпен жүгінді. 2020 жылғы 23 сәуірде объектіні (үй - жайларды) жабдықтар мен жеке құрамнан толық босату туралы жауап келіп түсті», - деді Думан Керімбаев.

Сотта Шекара қызметі департаментінің өкілі айтылған мән-жайлармен келісті. Сонымен қатар, сот 2020 жылғы 15 наурызда ҚР Президентінің Жарлығымен төтенше жағдай енгізілгенін назарға алды.

«Баяндалған жайттарға байланысты сот талапкердің жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану бөлігіндегі талап қою талаптарынан бас тарту керек деген тұжырымға келеді, өйткені сот отырысында жұмыстардың уақытылы орындалмауына тапсырыс берушінің учаскенің күрделі жөндеуге бермеуі және төтенше жағдай енгізілуі себеп болғаны анықталған. Істі қарау барысында анықталғандай, жұмыстарды орындау мерзімдерін бұзуға тапсырыс берушінің кінәсінен жол берілген, сондықтан айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуға жол берілмейді», - делінген сот шешімінде.

Осылайша, МАЭС мекеменің компанияға қойған талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер