«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

"Мейірімді Жетісу": іскер әйелдер 1,5 млн теңгеден астам қаржыға қайырымдылық көмек көрсетті

2021 жылғы 20 Наурыз
- Жетісу облысы
7081 просмотров

Наурыз мейрамына орай Алматы облысының Іскер әйелдер кеңесі 350 отбасыға жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден астам қаражатқа қайырымдылық көмек көрсетті. Азық-түлік себеттері, бірінші кезектегі қажетті тауарлар және ақшалай қаражат өңірдегі аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, сондай-ақ  қарт азаматтарға берілді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы - Алматы облысының Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова әрбір ауданда Іскер әйелдер кеңесі жүйелі негізде қайырымдылық шараларын жүргізетінін атап өтті. Ауылдық округтерде іскер әйелдер тарапынан тұрақты негізде азық-түлікпен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында тұрмысы төмен отбасылар қамқорлыққа алынған.

Наурыз қарсаңында Кеген ауданының кәсіпкері, "Қалиева" ЖК директоры Манат Қалиева 7 отбасына 160 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті.

Күләнда Батырбекова бастаған Талғар ауданының іскер әйелдер кеңесі ауданның 24 аз қамтылған және көп балалы отбасыларына 300 мың теңгеден астам сомаға азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етті. Жамбылдың іскер әйелдері 10 аз қамтылған отбасына көмек көрсетсе, Сарқан ауданында 15 отбасы қайырымдылық көмек алды, Алакөл ауданында 30 отбасы қажетті азық-түлікпен қамтылды.

Ақсу ауданында Іскер әйелдер нейродермиттің күрделі формасына шалдыққан жасөспірімге азық-түлікпен көмектесіп, 40 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетті, ал демалыс күндері мұқтаж жандарға 20-дан астам азық-түлік себетін сыйлауды жоспарлап отыр.

Мереке күндері Еңбекшіқазақ ауданының іскер әйелдері 75 жалғызбасты қарт адамдар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету акциясын өткізеді. Панфилов ауданында Іскер әйелдер кеңесі Жаркент қаласы мен ауылдық округтерде тұратын 100-ден астам отбасына қайырымдылық қолдау танытады.

Балқаш ауданында Бақыт Тасқанбаеваның жетекшілігімен іскер әйелдер  30 аз қамтылған отбасыға 60 литр наурыз көже мен азық-түлік беруді жоспарлап отыр.

Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларының іскер әйелдері де 40-тан астам жанұяға қайырымдылық көмек көрсетуге ниетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер