«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнесті карантинде бастады: Талдықорғанда сұлулық салоны қалай ашылды

2021 жылғы 16 Ақпан
- Жетісу облысы
5068 просмотров

Талдықорғанда «Бастау Бизнес» жобасының түлегі Тұрсынай Нүсіпжан сұлулық салонын ашты. Жеке ісін бастау карантин кезеңіне тұспа-тұс келді.

Тұрсынай Нүсіпжан ҚХР Құлжа қаласында туып-өскен. Косметология саласында көпжылдық тәжірибесі бар. 2003 жылдан бастап ол «әдемі» бизнеспен айналысып келеді. Алайда, тек 2019 жылы өз ісін бастап, жеке салон ашуды ұйғарды.

Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасына қатысты. Бір ай бойы бизнесті ашу мен жүргізудің қыр-сырымен танысып, кәсіпкер болуға үйренді.

«Клиенттерім маған әрқашан «неге салон ашып, клиенттер санын көбейтпейсің» деп сұрайтын. Содан мен мемлекеттік қолдауды пайдаланып, аппараттық косметология сияқты бағытты дамытуды шештім. Талдықорғанда бұл сала әлі дамымаған, бірақ бұл қызметтерге үлкен сұраныс бар», - дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Тұрсынай Нүсіпжанның жобасы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлемінде грант алды. Алайда кәсібінің бастауы пандемия ушыға бастаған кезге тұспа-тұс келді. Еліміз бойынша кәсіпкерлік нысандарына шектеу шаралары енгізіле басталды.

«Пандемияға қарамастан сұлулық салонын аштым. Әрине, басында қиыншылықтар болды. Біз карантин шараларының жеңілдетілуін күттік. Осы кезде бизнес - бұл тәуекелге бару және басына іс түскен кезде тиімді шешімдерді табу мүмкіндігі екенін жақсылап түсіндім. Талдықорғандағы сауда үйлерінің бірінде орында жалға алып, Кореядан жабдық сатып алдым», - деді кәсіпкер.

Салонда әр түрлі косметологиялық қызметтер бар: бетті аппараттық тазарту, бетті қара дақтар мен безеулерден тазарту, бет массажы, әжімдерге арналған маска.

Қазір «Тұрсынай» сұлулық салонында жұмыс қызу. Енді кәсіпкер жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына қатысып, ол қаражатқа құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Оның арқасында жаңа жұмыс орны да ашылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер