«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жетісу кәсіпкерлері «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларында бақ сынай алады

2021 жылғы 10 Ақпан
- Жетісу облысы
4846 просмотров

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы отандық өндірушілер мен компанияларды сапа саласындағы жыл сайынғы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауларына қатысуға шақырады. Өтінімдерді қабылдау 10 ақпаннан басталады.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы ұйымның өнім немесе қызмет көрсету сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін беріледі. Кәсіпорындар үш категория бойынша қатысады - шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері. Төрт номинация қарастырылған: "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын"; "Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын"; " Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»; "Азық-түлік немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпорын". Лауреаттар ақшалай сыйақы алады, сондай-ақ төрт жыл бойы «Алтын сапа» конкурсының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. 2015 жылдан бастап «Алтын сапа» лауреаттары болып «Байсерке Агро» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «ALUGAL» ЖШС, «Рыбпром» ЖШС, «КПК ZETA» ЖШС, «МАКС дорстройсервис-21» ЖШС және т.б. кәсіпорындар танылды.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға бағытталған қызметін жандандыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Байқау-көрме үш аталым бойынша өткізіледі: "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар"," Халыққа арналған үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары". Алдымен қатысушылар аймақтық деңгейде жарысады. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша әр номинацияда үш жеңімпаз таңдалады, кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық байқауда Алматы облысының атынан бақ сынасады. Әр жылдары байқаудың жеңімпаздары болып «Рыбпром» ЖШС, «Алматинские краски» ЖШС, «DOLCE» ЖШС, «Шин Лайн» ЖШС, «Danone Berkut» ЖШС және т.б. компаниялар анықталды.

«Байқауларға еліміздің аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызметтер көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да қатыса алады. Осы екі беделді байқау жергілікті өндірушілерді қолдауға, олар шығаратын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыруға, сондай-ақ отандық брендтерді ілгерілету мен жалпы елімізде өндірісті дамытуға бағытталған», - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дана Жамболатова.

Алматы облысының кәсіпкерлері «Алтын сапа» байқауына қатысуға 1 шілдеге дейінгі мерзімде өтінім бере алады. Өтінім электронды түрде www.altynsapa.kz сайты арқылы беріледі. Анықтамалық ақпарат үшін +7 (7282) 401-498 (ішкі 1615).

Сондай-ақ сайтта әлеуетті қатысушылардың консультациялары үшін www.altynsapa.kz конкурстарды өткізу тәртібі және конкурстық материалдарды ресімдеу ережелері туралы бейнесабақтар орналастырылған.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер