«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес шарасыздықтан заңды бұзып, жұмыс істеп келеді – Абылай Мырзахметов

2020 жылғы 04 Желтоқсан
7839 просмотров

2020 жылдың 8 айы ішінде кәсіпкерліктің 13 мың субъектісі локдауннан шыға алмады

 Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзхаметов ҚР Сенатында өткен парламенттік тыңдау барысында айтты.

 Спикердің айтуынша, локдауннан шыққан соң 500 мың субъект шектеулермен жұмыс істеуде, қарамағында 100 мың адам жұмыс істейтін 13 мың субъект жұмысты тоқтатуға мәжбүр. «Атамекен» бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізеді. Қазан айындағы сауалнама деректері бойынша кәсіпкерлердің 30%-ы штатын оңтайландырып, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберген. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бір бөлігі несие төлеуге жағдайы жоқ, респонденттердің 17%-ы салық мәселесінде қиындықтарға тап болды.  

«Желтоқсандағы сауалнама нәтижесі айтарлықтай мүшкіл жағдайды көрсетеді деп ойлаймын. Бизнес шарасыздықтан заңды бұзып жұмыс істеп келеді.  Көрсетілген қолдау шаралары тәуекелдерді жеңілдетуге көмектесті. Қазақстанда жалпі ішкі өнімнің құлдырауы – 2,5%, басқа елдерде бұл көрсеткіш 6-7%-ды құрайды. Қолдау шаралрдың басым бөлігі 1 қазанға дейін күшінде болды, кейбірі маусымда аяқталды. Қызметі шектелген немесе мүлде тыйым салынған кәсіпкерлерге назар аударылса деймін. Олар үшін негізгі қолдау несиелер және салықтар бойынша төлемдерді кейінге шегеру болды. Біз популистік талап қою дұрыс емес екенін түсінеміз, бірақ мақсатты шаралар болуы керек, зардап шеккен салаларды анықтау қажет. 2 триллионға жуық салықтық төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі  берілді, бұл үлкен сома әрі бюджетке ауыр жүктеме болып отыр. Бірақ біз карантиннен шықпағандарды қолдау мәселесін қарастыруымыз керек», – деп атап өтті ҰКП Басқарма төрағасы.

 Жалға алу және коммуналдық төлемдерді кейінге шегеру мәселесін өңірлік комиссияларда қарауға болады, – деді Абылай Мырзахметов.

 Спикер мониторингтік топтардың жұмысына да тоқталып өтті.

«Екі жүйелі қате бар: топтардың жұмысы реттелмеген, тексерулерге және жұмысты шектеуге деген жүйелі тәсілдеме жоқ. Мониторингтік топтар қандай нысандарға баратынын түсінбейміз, сонымен қатар қысым көрсету, жемқорлық фактілерін көріп отырмыз. Ведомствоаралық комиссия алдына тексерудің нақты критерийлері керек деген мәселе көтердік. Ол үшін нақты техникалық шаралар бар, мәселен бұл шаралар мобильді байланыс операторлардың деректері бойынша адамдардың шоғырланған орындарды көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар InfoKazakhstan жүйесінде шағым түсіруге болады. Егер осы жұмысты жолға қойсақ, онда мониторингтік топтар дұрыс жұмыс істей алар еді», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

 Спикердің айтуынша, бизнестің толық жауапсыздығы туралы айтуға әрі ситуацияны дүрліктіруге болмайды, бұзушылықтардың 90%-ын жеке тұлғалар жасайды. ҰКП басшысының айтуынша, бизнестің күн көрісі мәселелерінен басқа, перспективаларды да көру маңызды.

 «Біздің пікірімізше, салық саясаты болжамды болуы керек, қазір пандемиядан кейінгі кезеңде салық мөлшерін арттыруға болмайды», – деп қорытындылады Абылай Мырзахметов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер