«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 20-дан астам жоба іске асты

2019 жылғы 03 Қаңтар
- Жетісу облысы
4298 просмотров

Сарапшылар кеңес беруден бастап, жер учаскелерін алу мен жобаларды қаржыландыруға дейін қолдау көрсетті.

Бұл туралы Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Дана Жамболатова хабарлады.

Жобалар ішінде Алматы облысы Іле ауданында былғарыдан өндірілетін аяқ киім фабрикасын салу бар.

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Береке» индустриялық аймақтан  1 га жер учаскесі алынды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар  Өңдеу өнеркәсібінің басымдыққа ие жобаларын несиелеу бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге көлемінде қаржы тарту жоспарланған. Болашақ жоба 140 жаңа жұмыс орнын ашуды карастырады.

 Талдықорған қаласында Selpo эко өнімдерді сатумен айналысатын сауда дүкеніне азық-түлік өнімдерін өндірушілермен ынтымақтастық орнату бойынша көмек көрсетілді. Жүргізілген келіссөздер арқылы дүкен «Алель Агро» (шұжық, ет өнімдері), «Коновалов» ЖК (бал және балдан өндірілген басқа да өнімдер), Лепсинск өнімдері (бал),  «Амиран» зауыты (сүт өнімдері), «Анжела» сүт фермасы (табиғи экологиялық таза сүт өнімдері), «Фермер» шаруа қожалығы (сүт, шұжық өнімдері) және басқа да ірі өндірушілердің тауарын өткізеді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының сүйемелдеуімен «Лепсинск өнімдері» ЖШС 330,5 млн теңге көлемінде гранттық қаржыландыруды алу мақсатында  «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ бағдарламасына қатысты. Бұл қаражатқа «Easy Snap» италиялық жабдық алу көзделген. Өтінімді қарау нәтижесі 2019 жылдың ақпан айында белгілі болады. Бұған қоса CHINA INTERNATIONAL IMPORT EXPO импортты тауар халықаралық көрмесіне қатысып, кәсіпорын шетелдік серіктестерді тауып, Қытайға балды экспорттауды бастап кетті.

 Сонымен қатар Өңірлік кәсіпкерлер палатасының атсалысуымен 5 жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру алды, 2 жоба – бағдарлама бойынша пайыздық ставканы субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауды алды.

 «Нұр-Шапағат-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктесіне «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамына кепілдікке берілген ақшаны босату бойынша мәселе шешілді. ӨКП көмегімен компания жалпы сомасы 31 млн теңге кепіл ақшаны босата алды.

 «Біз бизнес өкілдерін сауда-экономикалық миссиялар, халықаралық салалық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз. Алматы облысының 20-ға жуық кәсіпорын 10 халықаралық көрме мен конференцияға қатысты», – деді Алматы облысы ӨКП бөлім бастығы Дана Жамболатова.

Жаңа жылдың басынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бос тұрған кәсіпорындарды пайдалана алулары үшін бизнес-инкубатор негізінде пилоттық режимде шағын индустриялық аймақ құрылды. «Талдықорғанэлектрожеліқұрылыс» ЖШС мен Талдықорған қаласы әкімдігінің арасынада ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды. Оның нәтижесінде шағын индустриялық аймақ территориясында 12 шағын бизнес субъектісі орналасып, 30-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл қала әкімдігімен бірлесіп,  шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру үшін жарамды коммуналдық қызметтері бар жұмыс істемейтін өндірістік орынжайларға талдау жүргізу жоспарлануда.

2018 жылы табысты бизнесі бар бизнесмендермен жастар, жас кәсіпкерлермен кездесуін ұйымдастыру мақсатында құрылған Business Connect ақпараттық-танымдық жоба іске қосылды. Табысты кәсіпкерлермен өткен 9 кездесу өңірлік және республикалық БАҚ көздерінде жарияланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер