«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы мен Алматы облысы кәсіпкерлерінің әріптестігі не береді?

2018 жылғы 23 Қараша
- Жетісу облысы
4703 просмотров

«Қорғас» ШЫХО-да бизнесті қалай жүргізуге болады? Қытай нарығына қалай шығуға болады? Туристік нарықты қайта жаңартудың қажеттілігі бар ма? Алматы мен Алматы облысы кәсіпкерлері арасындағы әріптестіктің нәтижесі қандай болады?

 Осы және өзге де тақырыптар Панфилов ауданының Жаркент қаласында өткен Алматы және Алматы облысы Кәсіпкерлер палаталары Өңірлік кеңестерінің бірлескен көшпелі отырысында талқыланды.

Жиынға Алматы облысы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов. Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Облыстық Өңірлік кеңес төрайымы Римма Салықованың сөзінше, бұл Алматы кәсіпкерлерімен бірлесе аймақтар арасындағы әріптестікті дамытуға арналған екінші шара.

«Жиын «Қорғас» аумағында бизнесті дамытуды талқылау мен мәселелерді шешу бойынша жұмыс кезеңдерінің бірі болып табылады. Қытай нарығына отандық тауарларды өткізу мақсаты тұр. Қазіргі таңда біз ҚХР аккредиттелген компанияларымен қазақстандық өнімдерді сертификаттау шарттары мен талаптары бойынша келіссөздерді жүргізудеміз», – деді Римма Салықова.

Отандық бизнесті дамыту жөнінде Алматы облысының әкімі Серікжан Бескемпіров ҚХР Жетісу өңірінің сауда-экономикалық бағытындағы маңызды серіктесі болып табылатынын айтты. Осы жылдың тоғыз айында облыстың Аспанасты елімен сауда айналымы 29,6% өсіп, 325 млн долларды құраған. Экспорт өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішіне қарағанда 46,8% артып, 30,1 млн доллар болды. Ал импорт үлесі 28,1% ұлғайып, 295,4 млн доллардан асты.

 «...Осыдан бірнеше ай бұрын Оңтүстік Кореядан делегация келіп, ірі индустриалды аймақ ашуға ниетті екендерін жеткізді. Осылайша олар Алматының жанындағы ауданға бірқатар өндіріс орындарын көшіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мемлекетіміз көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен оның халықаралық дәліздерге бірігуі бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы көлік инфрақұрылымын модернизациялау мен көлік дәліздерін диверсификациялау арқасында Қазақстан Орталық Азиядағы логистикалық хабқа айналып келеді», – деп атап өтті Серікжан Бескемпіров.

Жиында екі өңірдің туристік әлеуетін дамыту тақырыбы бірінші болып талқыланды.

Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова облыста туристер үшін қонақ үйлерді ашу бойынша кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Қазіргі таңда олардың саны 60-тан асты.

«Жақында біз Қарабұлақ ауылында семинар өткіздік, онда жаңадан 10 қонақ үй ашылды. Бұл, әлбетте, өңірдің дамуына оң әсер береді, орналастыру бойынша қызмет көрсететін ауылды бәсекеге қабілетті жасайды. Осындай үйлерді басқа да аудандарда ашуды жалғастырудамыз. Ұлттық парктер де қонақ үйлерді ашу мүкіндіктерін қарастыруда», - деп атап өтті спикер.

Рашида Шайкенованың сөзінше, Алматы және Алматы облысының туристік нарығы қайта жаңарудан өтуі тиіс.

«Туристік маршруттарды мазмұн жағынан байыту керек. Мазмүнды түркі тарихы, көшпенділер өркениетінің тарихымен толтыруға болады. Елімізге осы қызмет түрін тұтынуға келетін еуропалық туристерді Көлсай мен Шарынға апарып келу аздық етеді. Олар мәдениетімізбен, тағамдарымызбен, қазақ мемлекеттілігі, көпшпенділер мемлекетінің тарихымен танысқысы келеді. Туристер үшін бұл жаңалық және өте қызықты дүние», - деді Алматы қаласы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Сонымен бірге сарапшы бизнес өкілдерін қызмет көрсету сапасын арттыруға шақырды.

Өз кезегінде Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Жанар Алчимбаева кәсіпкерлер үшін жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту бойынша мүмкіндіктердің ашылғанын айтты.

 «Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі жұмыс комиссиясы бар және біз ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының желісі бойынша «KazWay» атты екі павильон салынды. Бұл павильондарды «ҚазАвтоЖол» кәсіпкерлерге жалға беруге дайын. Келесі жылы тағы да 12 павильон ашу бойынша келісімге келдік. Сондықтан кәсіпкерлерді дайын модульді объектілерде жұмыс істеп, табыс табуға шақырамыз. Онда кафе, кәдесыйлар дүкені, әжетхана қарастырылған», – деді облыстық басқарма басшысы.

«Қорғас» еркін экономикалық аймағында кәсіпкерлер үшін даму мүмкіндіктері мен жеңілдіктері туралы «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті Қаһарман Джазин мен «KTZE Khorgos Gateway» ЖШС коммерциялық директоры Нұрлан Тоғанбаев таныстырып өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, ШЫХО Қазақстандағы ірі инвестициялық жоба болып табылады. Инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылым әзірленген, бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда қытайлық туристердің біздің тауарлар мен қызмет түрлерін пайдалануға қызығушылығы жоғары және бұл үшін артық төлем жүргізуге дайын», – деді ШЫХО басшысы.

Одан бөлек жиында көлік инфрақұрылымы алдындағы мәселелелер мен оларды шешуге бағытталған ұсыныстар туралы Қазақстан көлік одағының директоры Сәбит Аманбаев айтып өтті. Құқықтық статистика және арнайы есеп Комитетінің Алматы облысы бойынша басқарма өкілі Алмас Өсенбаев бизнестің құқығын қорғау жұмысы және «Qamqor» қосымшасының ерекшелігі туралы баяндап берді.

Бірлескен көшпелі отырыстың қорытындысы ретінде Алматы қаласы және Алматы облысының Кәсіпкерлер палаталарының Өңірлік кеңестері «Қорғас» ШЫХО» АҚ және «KTZE Khorgos Gateway» ЖШС арасында төртжақты келісім жасады.

«Аталмыш меморандум серіктестік қарым-қатынастың дамыту мен жақсартуға, отандық өнімдерге қолдау көрсетуге бағытталған. Қытайдың біздің ауыл шаруашылығы өнімдерімізге, соның ішінде ет өнімдеріне деген сұранысы жоғары. Сонымен бірге, Алматы - ауыл шаруашылығы өнімдері үшін үлкен нарығы бар қала. Біз кәсіпкерлер мен фермерлер үшін  нарықты делдалдарсыз қолжетімді етіп жасауымыз керек. Осы бағытта Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдіктегі әріптестерімізбен бірлесе жұмыс атқаратын боламыз», – деп қорытты Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай.

Меморандум аясында тараптар жергілікті өндірушілермен, инвесторлармен бірлесе жұмыс жүргізу, компанияларды ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімдерді жылжытуға белсенді қатыстыру жоспарланған. Сонымен бірге қазақстандық кәсіпкерлерге ақпараттық, консалтингтік, құқықтық көмек көрсетілетін болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер