«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер Елдос Баялышбаев: Рухы мықтыға жеңіс бақыты бұйырады

2018 жылғы 03 Қазан
- Жетісу облысы
10155 просмотров

27 жасар талдықорғандық оңалту орталығын құрды, мүгедектерге арналған тұңғыш автоволонтерлық қызметтің негізін қалады.

Оның әрбір қойылымына немесе сахнада пайда болуына ұзақ қол  соғылып, құпталады. Оның бірегей тағдыры, қиын да қызықты өмір жолы мен шынайы істері ерекше құрмет пен таңданыс тудырады. Әдетте мұндай адамдарды «рухы күшті» дейді. Осының барлығы 27 жасар талдықорғандық Елдос Баялышбаев туралы айтылғандай.

Қазір оны Алматы облысы ғана емес бүкіл Қазақстан халқы біледі. Ол «100 жаңа есім» жобасына кірген. Өткен жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі үшін «Шапағат» медаліне ие болды.

Алайда 8 жыл бұрын бәрі басқаша еді... Елдос жол-көлік оқиғасына түсіп, мойын омыртқасына жарақат алды. Жарты жыл бойы төсекке таңылып жатты. Бірақ ағайын -туыстардың қолдауының арқасында жарты жылдан кейін отыра алды, бір жылдан соң еңбектеуді үйренді. Келер жылы ғана қозғала бастады. Алғашқы нәтиже оны жаңа жетістіктерге шабыттандырды. Сол кезде оның санасында «мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін оңалту орталығын құрсам және оларға аяққа тұруға көмектессем»,  деген  идея пайда болды.

«Мұндай жағдайға тап болғанда, республикамызда спорттық-оңалту орталықтары өте аз екенін түсінесің. Үйде дене жаттығуларымен айналысу өте қиын. Сондықтан, өз ойымды айтқан кезде туыстарым мені қолдады. Қалалық әкімдік ғимарат ұсынып, өңірлік палатадағылар  мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ұсыныс жасады. Алғашқы және шағын қадамдармен біз қазір үш жыл бойы белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Асар» орталығын аштық», - дейді кәсіпкер.

Елдос Баялышбаевтың табысты боларына сенгендер тым аз еді. «Бәрін басынан бастау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тиімсіз ғой», деп талай рет ескертті достары. Сабақты ине- сәтімен дегендей, бастама оңынан  болды.

2015 жылы Елдос бизнес негіздерін оқып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша тегін грант алу конкурсына қатысты. Бизнес-жобаны табысты қорғағаннан кейін комиссия мүшелері бастамасын 3 млн теңгеге мақұлдады. Бұл қаражатқа арнайы дайындалған тренажерлер сатып алынды.

«Бүгінгі таңда 300-ден астам адам оңалту курсынан өтті, оның ішінде 60-қа жуық адам балдақ пен тіректердің көмегімен қозғала бастады. Біздің орталыққа тек Алматы облысынан ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінен және көрші елдерден келеді. Ең бастысы, бұл жерде бірінші кезекте рухты тірілтеді, содан кейін бұлшықеттерді жаттықтырады», - деді Елдос Баялышбаев.

Алғашқы жеңісінен кейін және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін сезінген Елдос түрлі конкурстар мен гранттарға қатыса бастайды.

2016 жылы Елдос «Бәйтерек» холдингінің, BI group, «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен «Startup Bolashak» байқауына қатысып, екінші орынға ие болды. Бұл қаражатқа ол Алакөлде мүгедектерге арналған алғашқы және жалғыз мамандандырылған пансионат салды.

Бір жыл өткен соң Елдос облыстық Кәсіпкерлер Палатасының қолдауымен Жапония елшілігінің «Шөп тамырлары» бағдарламасы бойынша 26 миллион теңгеге халықаралық грантты жеңіп алып, қаражатты оңалту тренажерларын сатып алуға жұмсады.

Ол сондай-ақ мүгедектер үшін алғашқы автоволонтерлық қызметтің негізін салушы. Ондаған қала тұрғындары мен кәсіпкерлер, тіпті жергілікті билік- облыс әкімінің орынбасары осынау бастаманы қолдап, үн қосып жобаға қатысты.

Тағы бір жеңіс- «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 16-29 жас аралығындағы бизнесмендер арасында «Үздік жас кәсіпкер» байқауында Елдос Баялышбаев үшінші орынға ие болды. Оның мемлекеттік қолдаудың арқасында табысты іске асырылған оңалту орталығы жобасы ешкімді бей-жай қалдырмады.

Елдостың ендігі жоспарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған хостел құрылысы тұр. Бұл нысан мүмкіндігі шектеулі адамдарға ем-домды қабылдауға ыңғайлы болмақ.

«Мен жарақат алғанымның арқасында өмірге, адамдарға өзгеше қарай бастадым. Менен осындай жетістіктерге қалай жетіп жүрсің деп сұрағандарға, былай деп айтамын: өмір жолыңда болған барлық қиындықтарға қарамастан, әрқашан алға жылжы, сен мақсатқа жетуді көздеу керексің. Әрбір жасаған қадам немесе қарапайым ғана алғыс сөз сенің жүрегіңе сенім ұялатады және жаңа ұлы істерге шабыттандырады», - дейді Елдос.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер