«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отандық кәсіпорындар тізілімі не үшін қажет?

2018 жылғы 13 Қыркүйек
- Жетісу облысы
6142 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдеріне Отандық тауар өндірушілер тізілімі таныстырылды. Аталмыш тізілім Палатаның ресми сайтында taldykorgan.atameken.kz орналастырылады. Тізілімде кәсіпорындар сала бойынша бөлініп, компаниялар жөнінде толық ақпарат (тарихы, тауар атаулары мен бағасы, өндіріс көлемі және т.б. қажетті мәлімет) бар.

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиевтің айтуынша, Отандық тауар өндірушілер тізілімі кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар үшін ең өзекті және шынайы ақпарат көзі болады. Сонымен бірге, тізім кәсіпорындарды халықаралық көрме-байқау, форумдар мен сауда-экономикалық миссиялар үшін іріктеу құралы мен отандық кәсіпорындарды қолдау түрі атанбақ. Кәсіпорындар жөніндегі толық мәлімет өткізу нарықтарын іздеу мен баға саясатын қалыптастыруда да маңызды.

Жиын барысында Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әділ Қасқарауов қазіргі таңда тізілімде құрылыс, машина жасау мен тамақ өндірісі бойынша 100-ге тарта кәсіпорын туралы ақпарат жарияланғанын айтты. Алдағы уақытта тізілім туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен толыға түседі.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қайта өңдеу өнеркәсіп саласындағы 2200-ден астам кәсіпорын арасында сауалнама жүргізді, соның ішінде Алматы облысы бойынша тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын шығару, химия өнеркәсібі, жиһаз және ағаш өңдеу, жеңіл өнеркәсіп саласындағы 208 кәсіпорынның қызметіне талдау жүргізілді.

«Талдау қорытындысы бойынша, Алматы облысы кәсіпорындарының орташа жұмыс көптілігі 54% құрайды. Бұған өнімді тұрақты түрде өткізу нарықтарының жоқтығы себеп болып отыр. Осыған байланысты Отандық тауар өндірушілер тізілімі алдағы уақытта тапсырыс берушілер, жергілікті және шетелдік инвесторлар мен нарық өкілдері үшін шынайы ақпарат көзі қызметін орындайды», – дейді Палата сарапшысы Әділ Қасқарауов.

Аталмыш Тізілімді құру маңыздылығын айта келе, бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері өз қызығушылықтарын білдіріп, Кәсіпкерлер палатасының Отандық тауар өндірушілер тізілімін тұрақты түрде жаңартуға, кәсіпкерлік субъектілері мен салаларын кеңейтуге біріккен күш салу қажеттілігін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер