«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жетісуда қазақ-италиялық кәсіпорындар ашылады

2018 жылғы 05 Қыркүйек
- Жетісу облысы
5960 просмотров

Өңірге жұмыс сапарымен Areas More италиялық компаниясының президенті Сильвия Пессини барып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Сапардың басты мақсаты – жаңа серіктестерді табу мен даму мүмкіндіктерін саралау.

Areas More агроөнеркәсіптік кешенінде табысты еңбек етіп жатқан кәсіпорын. Бүгінгі таңда 50 компаниямен серіктес және әлем бойынша 100-ден астам компаниямен әріптес атанды.

Алматы облысына жасалған мақсатты сапардың мән-маңызы зор. Пессини ханымның айтуынша, Жетісу жерінде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық жағынан тартымды және өте перспективті бизнес түрі болып саналады.

Жұмыс сапары аясында бизнесханым Кәсіпкерлер палатасында болды. Өңірлік кеңес төрайымы, Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықовамен кездесіп, әріптестік мәселелері талқыланды. Соның ішінде Жетісудың әйел-кәсіпкерлері Италиядағы әріптестерімен екіжақты пікір алмасуға ниетті екені айтылды.

«Аймақта кәсіпкерлік субъектілерінің 40%-нан астамын әйелдер қауымы басқарады. Әйел-кәсіпкерлер қызмет көрсету саласынан бастап өнеркәсіп саласына дейін еңбек етіп келеді. Сондықтан, менің ойымша, өңірлік бизнес үшін Италиядағы кәсіпкерліктің даму тәжірибесі қызықты болмақ. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз», – деді Римма Салықова.

Келіссөздер жергілікті кәсіпкерлермен өткен кездесуде жалғасты.

Areas More компаниясының басшысы Сильвия Пессини италияндық кәсіпкерлердің шикізатты қайта өңдеу бойынша бірлескен жаңа кәсіпорындарды құруға ынталы екенін жеткізді. Кәсіпорындар су жаңа италияндық технологиялармен жабдықталып, сапалы қазақстандық шикізатпен қамтамасыз етіліп отырады.

Жоспар бойынша 2018 жылдың соңына дейін бес кәсіпорын ашылады.

«Қазіргі кезде Алматы облысында жүзеге асырылатын жобалар таңдалды. Өз кезегінде жаңа бағыттағы кәсіпорындар ашып, оладың дамуына көңіл бөлінеді. Италияндық банктер мен қорлар бұл жобаларды қаржыландыруға дайын. Соя, алма және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сонымен бірге агротехниканы шығаруға қызығушылық жоғары», – деп бөлісті Сильвия Пессини.

Жұмыс сапары аясында италияндық кәсіпкер өңірдің бірқатар фермерлік шаруашылықтарына барып, тыныс-тіршілігімен танысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер