«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сарқан ауданының бизнес-ханымдары дамудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады

2018 жылғы 20 Тамыз
- Жетісу облысы
4910 просмотров

Өңірде іскер әйелдердің алғашқы форумы өтті

Сарқан қаласында Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен Сарқан ауданы іскер әйелдерінің бірінші форумы ұйымдастырылды. «Жаңа мүмкіндіктер алаңы» деп аталған жиынға 60-қа тарта әйел кәсіпкер қатысты. Форум әйел кәсіпкерлігін ынталандыруға, жеке істі ашуға жан-жақты қолдау білдіруге бағытталған.

Әйел қауымы үшін маңызды шара Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің Басқарма мүшесі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, Іскер әйелдер кеңесінің хатшысы, облыстық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков, сонымен қатар, «Даму» қоры, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Аграрлық несие корпорациясы, «Coca Cola» АҚ, «Halyk bank» АҚ және жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен өтті.  

Форумның құрметті қонақтары ретінде ауданның тумасы «Aigul Line» компаниясының басшысы Айгүл Жансерікова мен танымал режиссер Жансая Көпбаева шақырылды.

Шараның алдында әйел кәсіпкерлерінің табысты жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

«Бизнес ірі қалалар мен аудан орталықтарында қарқынды дамып келеді. Біздің міндетіміз - шалғай ауылдардағы белсенді әйелдерге өз ісін бастауға жәрдемдесу. Ал белсенді әйелдеріміздің саны аз емес. Оқытып, тиісті кеңес берсек, кез келген үй шаруасындағы әйел кәсіпкерлік саласында жетістікке жетуі әбден мүмкін. Сол үшін бүгін әрбір ауылдық округтерден кәсіпкерлерді жинадық. Олар өз кезегінде басқа да ынталы әйелдерге кәсіпкерлік негіздеріне үйретеді, ақыл-кеңестерін айтып барады», – деп атап өтті Сарқан ауданы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Кенжетай Тазабекова.

Сарқандық әйелдерге кооперативке бірігудің тиімділігі жөнінде де түсіндірілді. Әйел кооперациясының мүмкіндіктері мен болашағы туралы Ақсу ауданыны Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Бағлан Нарышева кеңірек айтып берді.

Сонымен бірге, даму институттары мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысушыларды жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныстырып өтті.

Соның ішінде «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдері кеңесінің «Қазақстанның Халық банкі» АҚ және Еуразиялық топпен бірлесе әйел кәсіпкерлігі субъектілерін шағын несиелендіруге бағытталған біргей бағдарламасының орны зор. Бағдарлама аясында әйелдер 5% несие алуға мүмкіндіктері бар.  

Форумның маңызды бөлігінің бірі табысқа жеткен кәсіпкерлердің жігерлендіретін оқиғаларына арналды. Ортада өз ойын білдіргендердің бірі - Сарқанның тумасы «Aigul Line» компаниясының басшысы Айгүл Жансерікова. Ол кезінде эколог мамандығын қолөнерге ауыстырып, киіз басумен айналысып кеткен. Бірнеше жыл ішінде кәсіпкердің еңбегі мен талпынысы арқасында кәсіпорын Қазақстанда ғана емес, әлемде де танымал атанды.

«Өзіңе және өз күшіңе сеніп тұрсаң, бұл жеке ісіңді бастауға арналған шақ. Сондықтан тәуекелге барып, жеткен жерден тоқтап қалмау қажет. Бизнес даму мен адалдықты талап етеді», – деді Айгуль Жансерикова.

Іскер әйелдер кеңесінің хатшысы, облыстық Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева ұйым қызметіндегі стратегиялық бағыттар мен жоспарлармен бөлісті.

«Іскер әйелдер кеңесі жергілікті жерлерде әлеуметтік мәселелер бойынша негізгі сабағаттық-кеңесші органға айналып, әйелдерге жан-жақты қолдау білдіретін нәтижелі ұйымға айналуы тиіс. Жыл басынан бері түрлі бағыттар бойынша 20-ға жуық семинар-тренинг, шеберлік сабақтарын өткіздік», – деді Алмагүл Оңғарбаева.

Форум қатысушыларының алдында сөз сөйлеген Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков әйел кәсіпкерлерге ауданның дамуы мен жеке кәсіпкерлікті дамытқаны үшін алғысын білдіріп, ұйымдастырылған шараның тәжірибе мен пікір алмасуға арналған тиімді алаң болғанын атап өтті.

Шара соңына қарай аудандық кеңес активі жаңартылып, жаңа міндеттер мен алдағы жоспар белгіленді. Сонымен бірге аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар бизнес-ханымдарды алғыс хатпен марапаттады.

Айта кетейік, ауданда 2531 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның 49,3%-ын әйел қауымы басқарады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер