«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы және Мемлекеттік кірістер департаменті меморандумға қол қойды

2018 жылғы 29 Наурыз
- Жетісу облысы
5244 просмотров

Тараптар мәселелерді анықтау мен оларды шешу жөнінде кешенді шараларды қолға алмақ

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы және облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісім кәсіпкерлердің құқығын қорғауға және мемлекеттік органдармен тиімді қарым-қатынасты орнатуға бағытталған.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов атап өткендей, бірлескен іс-әрекеттер бизнеске кедергі келтірген жүйелі мәселелерді айқындау мен оларды шешуге бағытталады.

Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Нұрланбаев екіжақты келісім бойынша сыртқы экономикалық қызмет, кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша іс-қимыл жүргізу маңыздылығына тоқталды.

«Біз қазыналық мекеме болсақ та, кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық және қолжетімді бағыт ұстанамыз. Қызмет көрсетуді үнемі жақсартудамыз. Туындаған сұрақтарды талқылауға, олардың шешу жолдарын қарастыруға дайынбыз. Жіберілген қателіктерді қабылдаймыз және оларды өзгертуге дайынбыз. Алдағы уақытта жосықсыз кәсіпкерлермен жұмысты нығайтуымыз керек», - деді Ерлан Нұрланбаев.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсі іс-қимыл кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулин салық қызметінің өңірлік бизнестің мәселелерін шешудегі маңызды орнын атап өтті. Айтуынша, мемлекеттік орган кәсіпкерлердің шағым-өтініштеріне жедел түрде әрекет етеді.

Меморандум аясында тараптар тұрақты түрде ақпаратпен алмасып, кәсіпкерлер үшін бірлескен кездесулер мен семинарларды ұйымдастырып отырады. 

Еске салып өтейік, осы жылдың наурыз айында Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасында «Салық қызметкерінің сағаты» атты жоба басталды. Әрбір айдың екінші сәрсенбісінде Кәсіпкерлер палатасының кеңсесінде сағат 10:00-ден бастап 13:00-ге дейін Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері салық мәселелері бойынша кәсіпкерлерді қабылдайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер