«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сот «Алакөл-Көмір» ЖШС-на қатысты істі тоқтатты

2018 жылғы 27 Ақпан
- Жетісу облысы
5521 просмотров

Салық органы тарапынан нақты дәлел табылмады

Алматы облысы Алакөл аудандық соты әкімшілік құқықбұзушылықтың анықталмауына байланысты «Алакөл-Көмір» ЖШС-на қатысты істі тоқтатты. Соттағы материалға сәйкес, 2017 жылдың 17 қазанында Алакөл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы (МКБ) тақырыптық тексеру жүргізілген. Тексеру барысында сәйкестендіруге жатпайтын есеп-бақылау маркалары бар алкогольдік өнімдерді сатып алу мен сақтау фактілері анықталған. Жалпы сомасы 331,7 мың теңге болатын 839 бөтелке көрсетілген.

Сотта ЖШС өкілі Самал Қабдолдаева тексеру үрдісі қызметкерлердің жеке телефондарында орнатылған Wipon Prо мобильдік қосымшасы арқылы өткізілгенін айтты.

«Заң бойынша бағдарламалық жасақтамасы бар арнайы құралдар арқылы тексерілу керек. Wipon Pro және Wipon қосымшалары алкогольдік өнімді тұтынушылар мен сатушыларға арналған. Қажетті жөнелтпе құжаттарымыз бар және олар Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) сайтында тіркелген», - деді компания өкілі.

Өз кезегінде аудандық МКБ өкілі Ғалым Нұрмұханбетов тексеру облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) тапсырмасы бойынша жүргізілгенін айтты. Арнайы құралдың жоқтығына байланысты өнімдер мобильдік қосымша арқылы сканерленгенін де растады. Сонымен бірге, оның айтуынша, облыс бойынша бағдарламалық жасақтамасы енгізілген жалғыз ғана құрал бар және ол облыстық МКД-да орналасқан.

Алайда, тексерудің департаменттің тапсырмасымен өткізілгені жөніндегі сөз расталмады. Сотта мамандар мобильдік қосымша арқылы тексеру жүргізу туралы ресми хатты көрсете алмады. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Алакөл аудандық филиалының директоры Мұхтар Адиков өнім бойынша жөнелтпе құжаттар МКК тіркеліп, жарияланғанын, оның МКК базасындағы «скриншоттар» дәлелдейтінін жеткізді.

Сонымен қатар, сәйкестендіруге жатпайтын есеп-бақылау маркалары бар алкогольдік өнімдер бойынша суреттер, тіркеу актілері табылмады Хаттамада салық қызметкерлері тек атауы мен алкогольдік өнім санын көрсеткен, ал есеп-бақылау маркаларының нөмірлері мен сериялары бойынша мәлімет жоқ.

Осылайша, мемлекеттік кірістер тарапы сот алдында кәсіпорынның заңбұзушылығына қатысты нақты дәлелдер ұсына алмады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер