«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында қоғамдық денсаулық сақтау мамандарына сұраныс төмен

2018 жылғы 23 Ақпан
- Жетісу облысы
5921 просмотров

Сарапшылар ескірген оқу бағдарламасын өзгерту қажеттігін айтады

Талдықорған медициналық колледжінде қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандарын дайындаудағы өзекті мәселелер мен келешек дамуы талқыға түсті. Шараға медициналық ЖОО-лардың жетекші ғалымдары мен оқытушылары, дәрігерлер, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Колледж өкілдері «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасы ескірген және жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді деп есептейді.

«Денсаулық сақтау жүйесінде профилактикалық медицинаның ұстанымын тәжірибеде іске асыратын қоғамдық денсаулықты қорғау саласының орны ерекше. «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты заман талабы мен оның шарттарына жауап бермейді. Практикада жұмыс берушілер түлектерден мүлдем басқа міндеттер талап етеді», - деді Талдықорған медициналық колледжінің директоры Серік Жансеңгіров.

С.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ профессоры Сәкен Әміреев маман дайындау мәселесін республикалық деңгейге көтеріп, білім беру стандарттарына қажетті өзгертулер енгізу керектігін айтты.

«Барлық салалар мен бағыттар бойынша даму мен жаңғырту жүріп жатыр. Біз бір орында қалып қалған сияқтымыз. Мамандық бойынша студенттер тестілеуді өте алмайды. Себебі, бағдарламада көптеген тақырыптар қамтылмаған. Мысалы, шет елдерде осы мамандық бар болғанымен басқаша аталады. Бүгінгі көтеріп отырған сұрақты кең көлемде талқылап, яғни жоғары оқу орнымен бірігіп ортақ мәмілеге келу керек», - деп атап өтті Сәкен Әміреев.

Осыған байланысты «Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша түлектер арасында жұмысқа орналасу деңгейі төмен. Сонымен бірге сарапшылар қорытынды аттестациялауды екі кезең бойынша өткізу, элективті пәндер каталог енгізу сынды ұсыныстарды айтты.

Өз кезегінде Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ардақ Қашқарова дуальді оқытуды енгізу мәселені шешудің бір себебі болып табылатын айтты.

«Дуальді жүйе оқыту үрдісінде теориялық және практикалық дайындықты біріктіре алады. Оқу бағдарламасы жұмыс берушінің тапсырысымен және тікелей қатысуымен әзірленіп, бір мамандық бойынша оқу материалдарының көлемін пән бойынша бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша, Дуальді оқыту жүйесін дамытудың жол картасы аясында оқу бағдарламасына өзгерту енгізе аласыздар», - деді Ардақ Қашқарова.

Сарапшы аталмыш мәселе бойынша өңірлердің пікірін ескеру маңыздылығын атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша медициналық колледж алдағы уақытта Алматы облысының Дуальді оқытуды дамытудың жол картасына ену мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына бірқатар өзгертулер енгізуді жоспарлап отыр.

Еске салсақ, Талдықорған медициналық колледжінің 80 жылдық тарихы бар. Бүгінгі таңда оқу орны сегіз мамандық бойынша кадр дайындайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер