«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талдықорғанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету түрлері артады

2018 жылғы 22 Ақпан
- Жетісу облысы
5209 просмотров

Қызметтер «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетіледі

Алматы облысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасында (ӨКП) мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілері өкілдерін Талдықорған қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында (КҚКО) орналастыру мәселелеріне арналған жиын өтті.

Шара ӨКП директорының орынбасары Әсет Шаяхметов, ҚР Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің Алматы облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Данияр Сабырбаев, ӨКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулин, сондай-ақ облыстық құрылымдар басшылары, табиғи монополиялар субъектілері мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев бұған дейін монополист кәсіпорындар жұмысын КҚКО-да ұйымдастыру бойынша кездесулер өткенін айтты.

«Біздің міндетіміз - кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау. Өздеріңіз білетіндей, КҚКО-да бизнеске сегіз түрлі сервистік қызмет көрсетіледі.  Бүгінгі таңда Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту орталығы, Азаматтарға арналған Үкімет өкілдіктерін біздің орталықта орналастыру бойынша келісімге қол жеткізілді», - деді Ерлан Датқаев.

ҚР Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің Алматы облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Данияр Сабырбаев мемлекеттік қызмет көрсететін монополист кәсіпорындар жұмысын трансформациялап, оларды «баяғыша» қызмет істеуден бас тартуға шақырды.

«Біз кезектерден, кассалар мен қолма-қол төлемнен бас тартып, бірыңғай форматқа ауысымыз қажет. Бұл адамдардың коммуналдық төлемдерін төлеуге қолайлы жағдай жасайды. «Бір терезе» қағидасы арқылы біз көрсетілетін қызмет түрін жақсартып, өзара байланысты күшейтеміз. Бүгінгі таңда табиғи монополиялар субъектілері ескі тәсіл бойынша жұмыс істеп жатыр. Мысалы электронды есептеуіштер орнатылғанымен, түбіртектер қағаз түрінде беріледі»,– деп атап өтті Данияр Сабырбаев.

Жиын қорытындысы бойынша Талдықорған қаласынының КҚКО-да бірқатар мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілерін орналастыру жөнінде шешім қабылданды. Алдағы айларда кәсіпкерлерге «бір терезе» режимінде Талдықорған қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімі, Талдықорған қаласының жер қатынастары бөлімі, облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, сонымен бірге ТАТЭК» АҚ, «Жетісу су құбыры» ҚМКК, «Талдықорғанжылусервис» КМК, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы сынды табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдері қызмет көрсететін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер