«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Іле ауданының әкімдігі 28,8 млн теңгеге Беларусьтен мектеп парталарына тапсырыс берген

2018 жылғы 20 Ақпан
- Жетісу облысы
5820 просмотров

Бұл туралы Талдықорғанда өткен Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды

Комиссия хатшысы, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелері бойынша орынбасары Қанат Қабдиевтің айтуынша, 2017 жылдың тамызында Іле ауданының білім бөлімі «Темир Гранд» ЖШС-мен мектеп парталарын жеткізу бойынша келісім-шартқа қол қойған. Алғашында 19,7 млн теңге сомадағы 1376 дана тауарға тапсырыс берілген.

«Ішінара жүргізілген сараптама бойынша, техникалық сипаттамасы мен шарттар бойынша тауарды жеткізу мерзімі келісімге қол қойылған күннен бастап 20 күн ретінде анықталған. Яғни, 2017 жылдың 12 қыркүйегінен кешіктірмей қол қойылу керек. Алайда 26 қыркүйек күні қосымша келісім дайындалып, келісім-шарттың жалпы сомасы 28 863 296 теңгеге дейін артқан. ЖШС тауарды Беларусь Республикасын жеткізген. Қазақстанның Жиһаз өндірушілері және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше елімізде жиһаз шығаратын 50 шақты кәсіпорын бар екен», - деді Қанат Қабдиев.

Сонымен бірге Қанат Қабдиев 20 күн ретінде бекітілген тапсырысты жеткізу мерзіміне назар аударуды сұрады.

«Жиһаз шығарумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер бұл уақыт ішінде осыншама көлемдегі мектеп партасын жеткізу мүмкін еместігін айтады», - деп атап өтті.

Іле ауданы әкімдігінің өкілі тарапынан жиынға қатыспау себебінен аталмыш дерек бойынша еш түсініктеме берілмеді.

Жалпы мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы мәлімет бойынша 2017 жылы Іле ауданындағы бюджеттік бағдарламалардың 30 әкімшісі 13,339 млрд теңгеге 1164 келісім-шарт жасаған.

Отырыс барысында Қарасай ауданы және денсаулық сақтау басқармасының кәсіпкерлерді сатып алу саласында қолдау мәселелері бойынша атқарған жұмыс қорытындылары тыңдалды. Айта кетейік, Қарасай ауданы облыс бойынша сатып алудағы жергілікті құрам үлесі бойынша 74%-ті көрсетіп, жоғары көрсеткішке ие болған. Әкімдіктегілер аталмыш көрсеткішті жақсарту бойынша шаралар жалғасатынын айтты. Жалпы ауданда 2018 жылға сатып алу жүргізу үшін 4,8 млрд теңге бөлінген.

Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, 2017 жылы мемлекеттік сатып алу сегіз нысан бойынша 1,2 млрд теңгеден астам сомаға өткізілген. Отандық өндірушілерді қолдау аясында жеті кәсіпорынмен 120-дан астам дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы өнімдер бойынша жеті ұзақмерзімді келісім-шарт жасалған. Олардың қатарында «Аксель и А» ЖШС, «Дольче» ЖШС,  «Алмерек» ЖШС, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС, «Элеас» ЖШС, «Нобел» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС.

Сонымен бірге әкімдіктер мен облыстық басқармаларға өткізілетін мемлекеттік сатып алу жөніндегі ақпаратты интернет-ресурстарға жариялау және сатып алу әкімшілеріне ұсыныс ретінде жолданатын отандық тауар өндірушілер реестрін әзірлеу мен оны әкімдік сайттарын орналастыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясының отырыстарын Талдықорған қаласында апта сайын өткізіп, онда әкімдіктер мен салалық басқармалардың сатып алу саласы бойынша жұмыстарды тыңдау жоспарланған. Өткен отырыста Талдықорған қаласы және Қаратал ауданының әкімдіктерінің, облыстық құрылыс басқармасының есептері тыңдалған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер