«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекенім»: қызылордалық «Dalatex» ЖШС 185 оқушыға тегін көйлек тігіп берді

2018 жылғы 22 Қаңтар
- Қызылорда облысы
11364 просмотров

Елбасының мақаласынан кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Атамекенім» акциясына қызылордалық кәсіпкерлер де үн қосуда.

Кәсіпкерлер палатасына аймақ тұрғындарынан қайырымдылық көмек көрсету жөнінде көптеген хаттар түседі. Палата кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсететін ұйым. Дегенмен, мұндай өтініштерге қатысты мүмкіндігіне қарай көмектесуге тырысады. 

Осындай өтініштердің бірі жақында қаладағы № 144 мектептен түсті. Мектеп басшылығының айтуынша білім беру ұйымында 200-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар оқиды екен. Мектеп басшылығы осы балаларға қандай болса да көмек көрсетілуін сұраған екен. Өтінішке қаламыздағы "DALATEX" ЖШС-нің басшысы Ділмұхамед Абизов көмек көрсетуге әзір екендігін білдіріп, аталмыш мектеп оқушыларына 185 қыз және ер балаларға арналған арнайы жейделер тігіп берді.

Компанияның менеджері Гүлмира Рамазанқызы «Dalatex» ЖШС-нің құрылғанына 2 жылдай уақыт болса да қайырымдылық шараларына белсенді қатысатындықтарын жеткізді: «Компания басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Соның ішінде осы №144 мектепке арналған шарада көмек ретінде 185 балаға жейделерді әкеліп отырмыз», - деді

«DALATEX» ЖШС-і Сыр өңірінде ерлер жейдесін тігумен айналысатын отандық компания. Фабрикада барлық технологиялық процеске қажетті заманауи озық жабдық қойылған. Қазіргі таңда фабрикада күніне 500 көйлек тігіледі. Компанияда 40 жұмысшы еңбек етеді. Сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін еліміздің өзге де өңірлерінен сауда қоймаларын ашу жоспарланған. Бүгінде кәсіпкер ресейлік әріптестермен ынтымақтастық орнатып отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер